Ақмола облысындағы ауылдық амбулаториялар қыста жылусыз қалу қаупі туды

41


Munarmedia.kz 23.10.2025 жыл / Астана- облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа ауылдық дәрігерлік амбулаториялар (АДА) мен фельдшерлік-акушерлік пункттер (ФАП) алдағы қыс маусымында жылусыз қалу қаупіне тап болды. Бұған жобалау кезінде жіберілген техникалық қателіктер себеп болған.

Telegram арнасындағы «HALYQSTAN» дерегінше, барлық жаңа нысандар тек электр қуатымен жылыту жүйесіне қосылған. Мұндай шешім электр энергиясы жиі үзіліп тұратын және ауа температурасы төмен аймақтар үшін айтарлықтай тәуекел тудырады.

Аймақ бойынша жалпы 9,8 млрд теңгеге 38 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны салынған. Оның ішінде 32 нысан пайдалануға беріліп, 23 мекеме медициналық қызмет көрсетуге ресми рұқсат алған. Алайда, сынақ мерзімінде –30°С және одан төмен температура кезінде электрмен жылыту жүйесінің тиімсіздігі анықталған.

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермек бұл мәселені растады:

«Иә, электрмен жылыту жүйесі экономикалық тұрғыдан қымбатқа түседі. Қазір жылыту маусымы басталды, сондықтан тәуекелге бармау үшін бірқатар нысандарды қатты және сұйық отынмен жылытуға көшіру жұмыстары жүріп жатыр. Шамамен онға жуық медициналық мекеме осындай жүйеге ауыстырылуда. Бұл қосымша шығынды қажет етеді, бірақ экономикалық және техникалық тұрғыдан орынды шешім. Себебі ауылдық аймақтарда электр жарығының үзілуі жиі кездеседі», – деді ол.

Сарапшылардың айтуынша, амбулаториялар мен ФАП-тардың жобалық үлгілері орталық деңгейде әзірленіп, еліміздің барлық өңірінде бірыңғай түрде қолданылған. Мұндай тәсіл оңтүстік өңірлерге бейімделгенімен, қатты аяз жиі болатын солтүстік облыстар үшін тиімсіз болып шықты.

Қазіргі таңда өңір әкімдігі мен Денсаулық сақтау министрлігі жылыту жүйесін қайта бейімдеу және қосымша қаржы бөлу мәселесін қарастырып жатыр. Мамандардың айтуынша, бұл қадам — ауыл тұрғындарының денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бірден-бір жолы.