Munarmedia.kz 23.10.2025 жыл / Астана-Абай облысының Бородулиха ауданының прокуратурасы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының филиалында бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады.
Ведомствоның баспасөз қызметі хабарлағандай, мекеменің штаттық құрамына бұрын заңсыз орман кесу және бөтен мүлікті ұрлау фактілері бойынша сотталған адамдар жұмысқа алынған. Сонымен қатар, филиалға жүргізуші куәлігінен айырылған арнайы техника жүргізушісі де жұмысқа орналасқан.
Бақылау қызметін атқаруға жауапты өндірістік учаске шебері де бұған дейін мүліктік қылмыс жасағаны үшін сотталған болып шықты. Прокуратураның мәліметінше, кейбір қызметкерлер кесілген ағаштардың санатын төмендетіп көрсету арқылы оның нарықтық құнын жасанды түрде арзандатқан. Бұл әрекет нәтижесінде ағаш материалдарының нақты құны төмен бағаланып, мемлекеттік табысқа айтарлықтай зиян келген.
Прокурорлық тексеріс барысында филиал басшылығының әрекетсіздігі мен жұмыс тиімділігінің төмендігі салдарынан 4 мың текше метрден астам дайын ағаш өнімі сатылмай, жалпы сомасы 80 миллион теңгеден астам қаражат игерілмегені анықталды. Бұл қаржы 75 миллион теңге көлеміндегі салықтық берешекті толық өтеуге мүмкіндік берер еді.
Қадағалау шараларының нәтижесінде заң бұзушылықтарға жол берген қызметкерлермен еңбек шарттары бұзылып, дайын ағаш өнімдерін өткізу жұмыстары басталған. Сондай-ақ, салықтық берешекті өтеу бағытында нақты шаралар қабылданып жатыр.
Филиал директоры қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жазаға тартылып, кейіннен қызметінен босатылды.
Айта кетсек, бұған дейін мамандандырылған экологиялық прокуратура «Семей орманы» резерватының 2024 жылғы салықтық есептілікті толық көлемде ұсынбағанын анықтаған болатын. Соның салдарынан бюджетке 200 миллион теңгеден астам салық түсімі түспей қалған.