Қазақстанда алаяқтар отбасын үйін сатуға және ақшаны шетелге аударуға мәжбүрлеген

42


Munarmedia.kz 23.10.2025 жыл / Астана-Шымкент қаласында полиция қызметкерлері ірі көлемдегі қаржылық алаяқтықтың алдын алды. Тергеу мәліметінше, алаяқтар банк қызметкерлері ретінде танысып, әйел адамға оның атына несие рәсімделіп жатқанын айтып, қорқыныш пен сенімсіздік туғызған.

Қаскүнемдердің нұсқауымен жәбірленуші әртүрлі банктерден бірнеше несие алып, кейін күйеуімен бірге үйі мен автокөлігін нарықтық бағадан төмен бағаға сатқан. Бұл қаражаттың барлығы олар ойлағандай «қате аударылған соманы қайтару» үшін берілген. Нәтижесінде отбасы 25 миллион теңгеден астам қаржысынан айырылды.

Полицейлердің айтуынша, ақшаның бір бөлігі белгісіз банктік шоттарға аударылған, ал қалған бөлігі қолма-қол түрде арнайы курьер арқылы жәбірленушілердің үйінен алынған.

Жедел іздестіру іс-шаралары барысында Алматы мен Шымкент қалаларында екі күдікті ұсталды. Тергеу мәліметінше, олар ұрланған қаражатты айырбастау пункттері арқылы өткізіп, одан кейін Грузия еліне жіберіп отырған.

Қазір бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің “Алаяқтық” бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция азаматтарды бейтаныс адамдардың нұсқауына ермеуге, банктен келген деген күмәнді қоңырауларға сенбеуге және жеке деректерін ешкімге бермеуге шақырады.