Ақмола облысында көпбалалы ана коммуналдық кәсіпорыннан 3 млн теңге өндіріп алды

44


Munarmedia.kz 22.12.2025 /Астана/-Ақмола облысы Бұланды ауданына қарасты Макинск қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Сұңқар Закей жергілікті қалалық су арнасы мекемесінен 3 миллион теңге өтемақы өндіруге қол жеткізді.

Сотта 2025 жылдың ақпан айында Макинск қаласында су құбыры жарылып, соның салдарынан талапкердің тұрғын үйін су басқаны анықталды.

Қолайсыз ауа райы жағдайларына байланысты «Макинск Жылу» ШЖҚ МКК мамандары апаттың нақты орнын дер кезінде анықтай алмаған. Апат болған аумақта су беру тоқтатылып, сумен жабдықтау тек 2025 жылдың маусым айында ғана қалпына келтірілген. Су басу салдарынан отбасының мүлкіне елеулі материалдық шығын келтірілген.

Техникалық қорытынды мен тексеру актісіне сәйкес, тұрғын үй апатты деп танылған. Мамандар бірқатар күрделі ақауларды анықтаған: іргетастың бұзылуы, қабырғалардағы жарықтар, бөлмелердің көгеруі, сылақтың қабыршақтануы және терезе жақтауларының қисаюы.

Коммуналдық мекеме талапты мойындамай, жағдайды форс-мажорлық мән-жайлармен түсіндіріп, су құбыры желілері олардың балансында жоқ екенін алға тартқан. Алайда сот бұл уәжбен келіспеді.

Істі қарау барысында су құбыры желілерінің жауапкерге тиесілі екені, сондай-ақ жауапкершілікті бөлу туралы келісімнің жасалмағаны анықталды. Демек, инженерлік желілердің тиісті техникалық жағдайын қамтамасыз ету міндеті коммуналдық кәсіпорынға жүктеледі.

Сонымен қатар, сот апат пен келтірілген зиян арасындағы себеп-салдарлық байланысты да растады.

Сот шешімімен талап толық көлемде қанағаттандырылды. Макинск қаласының тұрғынының пайдасына материалдық шығын сомасын, бағалау жүргізу және өкілдік қызметтерге кеткен шығындарды қоса алғанда, 3 миллион теңге өндірілді. Сот актісі заңды күшіне енді.