Ақмола облысында Щучинск қаласының тұрғындарын қаңғыбас иттерден құралған үйірлер алаңдатып отыр

46


Munarmedia.kz 22.12.2025 /Астана/- облысына қарасты Щучинск қаласының тұрғындары көшелерде еркін кезіп жүрген ірі иттердің топ-тобымен жүруінен қауіптеніп отыр. Әсіресе кешкі уақыттарда жағдай ушыға түседі — жануарлар үйірге бірігіп, агрессия танытып, адамдар үшін нақты қауіп көзіне айналуда.

Ақмола облыстық ветеринария басқармасы бұл ахуалды қарапайым түсіндіреді. Ведомствоның мәліметінше, бүгінде Бурабай ауданында иттер мен мысықтардың санын реттеу бойынша қызмет көрсететін мердігерлермен жасалған келісімшарттардың мерзімі аяқталған. Бөлінген қаржы толық игеріліп, барлық міндеттемелер «адал әрі толық орындалған».

Ал қала көшелеріндегі жағдай «табиғи процесс» ретінде бағаланып отыр. Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта жануарларда шағылысу кезеңі жүріп жатыр, дәл осы жағдай олардың топтасып, агрессивті мінез көрсетуіне себеп болып отыр.

Басқаша айтқанда, қалада иттер үйір-үйір болып жүрген кезде тұрғындарға сабыр сақтап, шыдамдылық таныту ұсынылады. Қаңғыбас иттерді аулау жұмыстары тек 2026 жылдың басынан бастап, жаңа конкурс рәсімдері өткізіліп, қызмет көрсетуші компаниялар анықталғаннан кейін ғана қайта жанданады деп жоспарланған.

Алайда тәжірибе көрсеткендей, мұндай күту қайғылы жағдайларға алып келуі мүмкін. Осы жылдың қараша айында Көкшетау қаласында қараусыз жүрген ит 15 жастағы қыз баланы тістеп алған. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызып, тағы да өзекті сұрақты күн тәртібіне шығарды: адамдардың қауіпсіздігі конкурс мерзімдері мен формалды есептерге тәуелді болмауы үшін тағы қанша осындай жағдай орын алуы тиіс?