Munarmedia.kz.23.07.2025 /Астана/-Түркиядағы ірі жоғары оқу орындарының бірі — Başkent Üniversitesi — Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстанмен академиялық және институционалдық байланыстарын толық тоқтататынын ресми түрде мәлімдеді. Мұндай шешімге бұл елдердің Солтүстік Кипр Түрік Республикасын (СКТР) мойындаудан бас тартуы және Кипр Республикасымен жақындасуы себеп болған. Бұл оқиғаға «Туранарь» арнасы назар аударды.
Университет таратқан мәлімдемеде аталған мемлекеттердің «Кипр түріктерінің бар болуын елемейтін грек-киприоттармен» бірлескен бастамаларға қатысуы қатаң сынға алынды.
Мәлімдемеде Түрікменстан, Қазақстан және Өзбекстаннан бөлек, Еуроодақпен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойған Қырғызстан мен Тәжікстанның да аты аталды. Алайда бұл екі елмен байланыс үзілетіні туралы нақты шешім әзірге айтылған жоқ.
Geосаяси астар және популистік реңк
«Туранарь» арнасының авторлары бұл қадамның саяси астары бар екенін атап өтті. Олардың пайымдауынша, университет осындай мәлімдемелер арқылы ішкі аудиторияға бағытталған популистік ұпай жинамақ. Алайда бұл әрекеттің шынайы салмағы аса үлкен емес.
«Олар байланыстарын үзсе де, Орталық Азияда жұмыс істеп жатқан түрік құрылымдары аз емес. Мәселен, "Маариф" қоры арқылы түрік ықпалы сақталып отыр. Сондықтан бұл әрекет эмоцияға құрылған позиция демонстрациясы ғана. Қазіргі жағдайда Түркияға Орталық Азия қажетірек, керісінше емес», — делінген арна талдауында.
Контекст: Кипр қақтығысы және Түркияның ұстанымы
Солтүстік Кипр Түрік Республикасы 1983 жылы жарияланғанымен, оны әзірге тек Түркия ғана мойындап отыр. Түркия халықаралық аренада осы құрылымның легитимдігін мойындатуға тырысып келеді. Алайда Қазақстан мен басқа да Орталық Азия елдері БҰҰ шеңберінде Кипр Республикасының егемендігін қолдайды және грек-киприоттармен дипломатиялық байланыста.
Осыған байланысты Başkent университетінің әрекеті Анкараның Кипрге қатысты қатаң сыртқы саяси ұстанымын академиялық ортада көрсету талпынысы ретінде қарастырылып отыр. Дегенмен, түрік университетінің шешімі тараптардың жоғары білім мен мәдениет салаларындағы ұзақмерзімді қатынастарына айтарлықтай әсер ете қояды деу қиын.