Перизат Қайратқа 10 жыл түрме сұралды: прокурор айыптының қайырымдылық саласына сенімді шайқағанын алға тартты

19

Munarmedia.kz.23.07.2025 /Астана/-Астанада өтіп жатқан сот процесінде мемлекеттік айыптаушылар белгілі қоғам белсендісі Перизат Қайратқа 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Сонымен қатар оның анасы – Ғани Алашбаеваға 8 жыл түрме жазасын тағайындауды ұсынды. Прокуратура екеуін аса ірі көлемдегі алаяқтық пен қылмыстық жолмен табылған ақшаны заңдастыру баптары бойынша айыптап отыр.

Айыптаушы тарап соттан Перизат Қайраттың мүлкін тәркілеуді және оған 10 жылға дейін қайырымдылықпен айналысуға тыйым салуды сұрады. Прокурорлар өз ұстанымдарын келтірілген шығынның ауқымымен және қайырымдылық саласына деген қоғамдық сенімге келтірілген зор нұқсанмен түсіндірді. Сонымен қатар айыпталушылардың жасаған ісіне өкінбеуі және келтірілген зиянды өтеуге ешқандай талпыныс танытпағаны да ерекше атап өтілді.

Тергеу нұсқасы бойынша, Перизат Қайрат пен оның анасы үш қылмыстық эпизодқа қатысты айыпталып отыр. Олардың қатарында мүгедек балаларға көмектесу желеуімен алаяқтық жасау, Таяу Шығыстағы қақтығыстардан зардап шеккендер мен Қазақстандағы су тасқынынан жапа шеккендер үшін қаражат жинау фактілері бар. Аталған істер Қылмыстық кодекстегі аса ірі көлемде жасалған алаяқтық және кірістерді заңдастыру баптары бойынша сараланған.

Айыптаушылар келтірілген залалдың көлемін айыпталушылардың мүлкімен де дәйектеді. Конфискацияға жататын мүлік тізімінде бірнеше премиум-класс көлік, Астанадағы элиталық жылжымайтын мүлік және 56 миллион теңгеден астам қолма-қол ақша мен дебиторлық берешек көрсетілген.

Перизат Қайрат — Қазақстанда кең танылған қоғам қайраткері және кәсіпкер. Ол 2021 жылдың маусымында құрылған қайырымдылық қорының негізін қалаушы әрі жетекшісі ретінде танымал. Алайда 2024 жылдың қарашасында ол су тасқынынан зардап шеккендерге арналған 1,5 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырды деген күдікпен қамауға алынған. Кейін бұл іс бойынша басқа да айыптар қосылды.

Перизат Қайрат пен оның анасы өздеріне тағылған айыптарды мойындаған жоқ. Сот отырысында айыпталушылардың жауаптары жабық режимде тыңдалды, себебі іс материалдарының ішінде банк құпиясын қамтитын деректер бар.