Munarmedia.kz.23.07.2025 /Астана/-2022 жылдың басынан бері Қазақстанда акиматтар тарапынан ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1,7 миллион гектар жер заңсыз үлестірілген. Бұл туралы Exclusive.kz сайты Сауда және интеграция министрі – Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің Мәжіліс депутаттарының сауалына берген ресми жауабына сүйене отырып хабарлады.
Министрдің дерегінше, Жер ресурстарын басқару комитетінің аумақтық бөлімшелері 2022 жылдан бастап ауыл шаруашылығы жерлерін заңсыз беру бойынша 2 890 шешімді анықтаған. Соның ішінде 1 335 шешім (778,2 мың га) жойылса, қалған бөлігі бойынша тексеру және қайтару жұмыстары әлі де жалғасуда.
«2022 жылдан бері мемлекеттік жер қорына жалпы көлемі 13,2 млн гектар жер қайтарылды, оның ішінде 11 млн гектары – жайылымдық алқаптар», – делінген министрлік хатында.
Проблемалық жайылымдар қысқарып келеді
Аталған кезең ішінде жайылым тапшылығы бойынша да елеулі өзгеріс байқалады. 2022 жылы жайылым жетіспеушілігі 8,4 млн гектарды құраса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 4,3 млн гектарға дейін азайған. Бұл — шамамен екі есеге қысқарғанын көрсетеді.
Цифрлық бақылау — JerInSpectr
Министр Жұманғариннің айтуынша, ауыл шаруашылығы жерлерінің тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету мақсатында JerInSpectr атты арнайы цифрлық платформа енгізілген. Бұл жүйе арқылы жер қатынастары саласындағы бұзушылықтар мен жер иелерінің міндеттемелерді орындау көрсеткіштері бақыланып отыр.
Миллиондаған гектар ауыл шаруашылығы жерінің заңсыз үлестірілуі — елдегі жер реформасының толыққанды іске аспай жатқанын көрсетеді. Үкімет бұл олқылықтың орнын толтыруға талпынғанымен, жер ресурстарының әділетті әрі ашық бөлінуі мәселесі әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ.