Депутат Бақытжан Базарбек Алматы маңындағы қауіпті аймақтарға құрылыс салуға тыйым салатын заң жобасына енгізілген маңызды түзетудің Сенат тарапынан бұғатталуы мүмкін екенін айтып, қоғамнан қолдау сұрады, деп хабарлайды Ertenmedia. Мәжілісменнің айтуынша өзі әзірлеп, Мәжілістегі жұмыс тобы қолдап, құрылыс кодексінің жобасына енгізген түзетуі қазір Сенатта үлкен қарсылыққа ұшырап отыр.
«Сенаторлар алматылықтар көптен күткен, халықтың мүддесінен туған осы ұсынысты алып тастауға әрекеттенуде. Егер Сенат әлгі түзетуді қабылдамаса, онда тұрғындардың тілегі мен арызы ескерілмей, құрылыс компанияларының мүддесі жеңіп шықты деген сөз», – дейді Базарбек.
«Бұл түзету әрбір алматылықтың арманы. Біз халық мүддесін қорғаймыз десек, қауіпті жерлердегі құрылысты тоқтатуымыз керек. Сенаторлар тұрғындар емес, құрылыс алпауыттарының сөзін сөйлеп отыр», – деп ашынды депутат. Базарбек осы мәселеде қоғамдық қолдаудың маңызы зор екенін айтып, азаматтық қоғам өкілдерін үн қосуға шақырды. «30 жыл бойы құрылыс компанияларының ығына жығылып, олардың мүддесін бірінші орынға қойдық. Адам тағдырын, тұрғындардың қауіпсіздігін екінші кезекке ысырып, қалалардың келбетін құртып алдық. Енді осы үрдісті тоқтатып, заң үстемдігін орнататын кез келді», – деген еді осыған дейін депутат.