Алматыда ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы мен ҰҚК департаментінің қызметкерлері жаңа туған нәрестелерді заңсыз саудалаумен айналысқан қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды «Tengrinews.kz».
Тергеу мәліметтері бойынша, қылмыстық схема бірнеше жыл бойы әлеуметтік желілерді пайдаланып ұйымдастырылған.
Қылмыскерлер әлеуметтік тұрмысы төмен, соның ішінде шетелдік әйелдерден жаңа туған нәрестелерді сатып алуға ниетті тұлғаларға заңсыз жолмен өткізумен айналысқан делінеді.
«Оперативтік іс-шаралар барысында жаңа туған ұл баланы үлкен ақшаға сату әрекеті анықталды. Ақша тапсыру сәтінде күдіктілер жерінде ұсталды. Бала мемлекеттік қорғауға алынып, арнайы мекемеге орналастырылды. Қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер қамауға алынды. Тергеу басқа өңірлердегі мүмкін оқиғалар бойынша да жалғасуда», — деді Алматы полиция департаментінің бірінші орынбасары Қуатбек Науатов.
Ол бұл бір реттік жағдай емес екенін атап өтті.
«Біз бұл тұрақты жұмыс істейтін, мүмкін өңірлер аралық байланыстары бар схема деп санаймыз. Барлық қатысушыларды анықтау жұмысы жалғасуда. Балаларға, әсіресе жаңа туған нәрестелерге қатысты заңсыз әрекеттер — бұл қаскөйлік пен ауыр қылмыс. Мұндай жайттар заңды түрде қатаң бағаланады», — деді Қуатбек Науатов.