Munarmedia.kz 22.08.2025/Астана/-21 тамыз күні Алматыдағы Алмалы аудандық сотында АЭС құрылысына қарсы шыққан белсенділердің ісі бойынша тараптардың пікірталасы басталды. Бұл туралы Exclusive.kz басылымы «Власть» сайтына сілтеме жасап хабарлады.
Алғаш болып мемлекеттік айыптаушы сөз сөйлеп, Нұрлан Жаулибаев, Жанат Қазакбай, Фазылжан Сыздықов, Нұрлан Темірғалиев және Айдар Мұбараковты ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабының 1-бөлігі және 24-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, әрқайсына 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Еске салсақ, 2024 жылдың 29 қыркүйегінде Алматыда АЭС құрылысына қарсы шыққан 12 белсенді ұсталған еді. Кейін олардың жетеуі — Нүргүл Жексембиева, Ақмарал Шатемірқызы, Галина Аққұзова, Жеңіс Мәксұтова, Рақыш Тоқманбет, Азат Төлеухан және Ерболат Аубакиров — ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған болатын.
Прокурордың айтуынша, айыпталушылардың әрекеттерінде жеңілдететін де, ауырлататын да мән-жайлар анықталмаған. Сонымен бірге СИЗО-да отырған уақытын есептеу кезінде бір жарым күнді бір күнге теңестіруді ұсынды.
«Мемлекеттік маңызды іс-шараның сәтсіздікке ұшырауы азаматтардың конституциялық құқықтарын шектеу болып табылады», — деді прокурор.
Айта кетейік, 2024 жылдың 1 қазанында аталған бес белсенді екі айға қамауға алынған. Кейін бұл мерзім бірнеше рет ұзартылды. Оларға қатысты «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға талпыну» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, негізгі сот процесі 2025 жылғы 10 шілдеде басталған.
Полиция таратқан мәліметке сәйкес, айыпталушылар митинг ұйымдастыруға ниеттеніп, оған қаражат жинаған және билікке қарсы әрекетке шақырған. Ал адвокаттар шақыртқан тәуелсіз сарапшы Абай Қайыржанов сотта олардың әрекеттерінде жаппай тәртіпсіздікке дайындық та, қаржы жинау да, экстремистік идеялар да болмағанын мәлімдеді.
Фото: iStock