Munarmedia.kz 22.08.2025/Астана/-Көкшетау мен Екібастұзда жаңа электр станцияларын салу бойынша жарияланған тендерлерге инвесторлар қатысқан жоқ. Бұл туралы Exclusive.kz Агенттікке (АЗРК) сілтеме жасап хабарлады.
АЗРК-ның мәліметінше, басты түйткіл қолданыстағы заңнамада жатыр: жаңа нысандар өндірген электр энергиясының сатылуына кепілдік берілмеген.
Мәселені шешу үшін агенттік бірқатар нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізуді ұсынып отыр. Атап айтқанда, тендер нәтижесінде салынған станциялардан жоспарланған көлемде электр энергиясын міндетті түрде сатып алу тетігін қарастыру қажет деп санайды. Бұдан бөлек, электр энергиясын баланс нарығында қайта сату құқығын тек ірі көтерме тұтынушыларға ғана беру, ал делдалдарды шектеу ұсынылған.
АЗРК бағалауынша, баланс нарығында жыл сайын шамамен 4 млрд кВт/сағат электр энергиясы өткізіледі. Ол негізінен екіжақты келісімдер арқылы жүзеге асады. Бұл орталықтандырылған жүйе көлемінің қысқаруына, сонымен бірге тұтынушыларға түсетін жүктеменің артуына әкелуде. Салдарынан отандық тұтынушылар қымбат импорттық электр энергиясын сатып алуға мәжбүр болады.
Фото: Depositphotos