Munarmedia.kz | 25.08.2026 | ASTANA Әскердің қуаты енді тек танк пен зеңбіректің санымен өлшенбейді. Қазіргі соғыстың басты сабағы – кім аспанды бақыласа, кім әуе кеңістігін қорғай алса, кім дрон мен жасанды интеллектіні тиімді пайдалана алса, сол өзінің стратегиялық артықшылығын арттырады.
Бүгін әлемде болып жатқан соғыстарға қарасақ, мұны анық көреміз.
Украина мен Ресей арасындағы соғыста дрондар, қанатты және баллистикалық зымырандар, радиоэлектрондық күрес құралдары, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері бұрын-соңды болмаған маңызға ие болды. Украина қалаларына жасалған соңғы шабуылдардың өзінде әуе қорғанысының сапасы мемлекеттің қауіпсіздігіне тікелей әсер етудң.
Бұл – бір ғана Украина немесе Ресейге қатысты емес.
2025 жылғы Израиль мен Иран арасындағы соғыста да әуе үстемдігі негізгі факторлардың біріне айналды.
Израильдің алғашқы соққылары Иранның әуе қорғаныс жүйелерін әлсіретіп, кейінгі операциялардың мүмкіндігін кеңейтті.
АҚШ та осы қақтығысқа тікелей әуе операцияларымен қатысты.
Демек, әлемдік әскери доктрина өзгеріп жатыр.
Бүгінгі соғыста арзан дронның қымбат әскери техникаға қауіп төндіруі қалыпты жағдайға айналды.
Дрондар барлау жүргізеді, нысана көрсетеді, соққы береді, байланыс пен логистиканы бұзады.
Ал оларға қарсы күрес үшін радар, радиоэлектрондық күрес, әуе шабуылына қарсы қорғаныс, жойғыш авиация және өзге де жүйелер біртұтас кешен ретінде жұмыс істеу керек.
Қазақта "жау жоқ деме, жар астында" деген мақал бар.
Әлемнің геосаяси ахуалы құбылмалы.
Сондықтан да айбалтасын кеудесіне тығып отыратын көршілер бар кезеңде Қазақ елі кездігін суыруға дайын болғаны жөн.
Жаман айтпай, жақсы жоқ дейді атам қазақ.
Қазақстан бейбітшілікті сүйетін ел.
Қазақстанның сыртқы саясаты тату көршілікке және көпвекторлы саясатқа негізделген.
Бұл – біздің үлкен артықшылығымыз.
Бірақ дипломатия мықты болуы үшін мемлекеттің қорғаныс қабілеті де мықты болуы керек.
Әсіресе Қазақстан сияқты аумағы үлкен мемлекет үшін әуе кеңістігін қорғау – стратегиялық міндет.
Осы тұрғыдан алғанда, Дәурен Қосановтың Қорғаныс министрі болып тағайындалуын мен кездейсоқ шешім деп қабылдамаймын.
Қосанов – кабинеттен шыққан азаматтық менеджер емес.
Ол – әскери авиацияның ішінен шыққан маман. Жойғыш ұшқыш болды.
Авиабаза басқарды.
Әскери-әуе күштерін басқарды.
Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы қызметін атқарды. Кейін Қорғаныс министрінің орынбасары болды.
2024 жылы оған авиация генерал-лейтенанты әскери атағы берілді.
Яғни бүгінгі армияға аса қажет бағыттардың бірін – әуе кеңістігін қорғау, әскери авиация, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін жақсы білетін генерал Қорғаныс министрлігін басқарып отыр.
Меніңше, бұл – қазіргі кезеңнің талабына сай таңдау.
Бұл стратегиялық бағытты ұстанып министр мырзаның Президент тарсырмалары мен әскер, әуе күштерін нығайтуға жұмыс жасауыеа мүмкіндік берген жөн.
Қазақ әскери авиациясының тарихында Тоқтар Әубәкіров сияқты азаматтардың орны ерекше.
Ол қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер ғана емес, кәсіби әскери ұшқыш, авиация маманы ретінде де ел тарихында қалды.
Ал Дәурен Қосанов сол авиациялық мектептің кейінгі буынындағы кәсіби генералдардың бірі.
Сондықтан бүгін Қорғаныс министрлігінің алдында тұрған басты міндеттердің бірі – Қазақстанның әскери авиациясын жаңа технологиялық деңгейге көтеру.
Бізге тек ұшақ саны қажет емес.
Бізге заманауи ұшқышсыз авиациялық кешендер, барлау дрондары, соққы беретін дрондар, радиоэлектрондық күрес құралдары, заманауи радарлар, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері, жойғыш авиация және олардың бәрін бір жүйеге біріктіретін цифрлық басқару ортасы қажет.
Бұл жерде тағы бір маңызды мәселе бар.
Қару-жарақ сатып алу жүйесі ашық әрі тиімді болуы тиіс.
Әскерге бөлінген әрбір теңге – жай бюджет ақшасы емес.
Ол елдің қауіпсіздігіне арналған ақша.
Сондықтан қорғаныс саласындағы мемлекеттік сатып алуды барынша цифрландыру, адами факторды азайту, сатып алу процесін бақылауды күшейту және жемқорлық тәуекелдерін жою – ұлттық қауіпсіздік мәселесі.
Қазақстанда мемлекеттік сатып алу жүйесі қазірдің өзінде цифрлық шешімдер мен ашықтықты күшейту бағытында реформаланып жатыр.
2025 жылдан бастап күшіне енген жаңа заң да сатып алу рәсімдерін оңтайландыруға, цифрлық технологияларды енгізуге және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған.
Қорғаныс министрлігінің өзінде де бұл бағыттағы жұмыстар жүріп жатыр.
Министрлік цифрландыруды әскери басқарудың маңызды бағыты ретінде қарастырып отыр.
2026 жылғы наурызда Дәурен Қосанов жауынгерлік даярлыққа цифрлық технологияларды енгізу жөніндегі кеңес өткізіп, цифрлық шешімдерді кеңейтуді тапсырды.
Ал соңғы алқа отырыстарының бірінде министр әскерлердің техникалық жарақтандырылуымен қатар басқару мен дайындық процестерін цифрландыруды одан әрі жетілдіру қажеттігін атап өтті.
Бұл – дұрыс бағыт.
Бірақ цифрландыру тек оқу-жаттығумен шектелмеуі керек.
Қару-жарақ сатып алудан бастап, қоймадағы мүлікті есепке алуға, әскери техниканың қозғалысына, жанар-жағармайға, азық-түлікке, кадрлық шешімдерге дейін барынша цифрлық бақылау орнауы керек.
Себебі жемқорлықтың ең үлкен жауы – ашықтық.
Бұл жұмыста әскери полицияның да рөлі ерекше. Қорғаныс министрлігінің жүйесінде әскери полиция құқықтық тәртіппен қатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Әскери полицияда әскери қызметшілердің мәселелерін хабарлауға мүмкіндік беретін «Әскери сенім» мобильді қосымшасы да іске қосылған.
Демек, армияны күшейту дегеніміз тек жаңа ұшақ пен жаңа зымыран сатып алу емес.
Күшті армия – заманауи қару + кәсіби офицер + тәртіп + технология + таза басқару жүйесі.
Осы бес бағыт бір-бірінен бөлек қаралмауы керек.
Қазақстанға соғыс керек емес.
Қазақстан ешкіммен соғысқысы келмейді.
Бірақ бейбітшілікті сақтау үшін мемлекеттің қорғануға қабілеті болуы қажет.
Сондықтан біз бүгіннен бастап ертеңгі соғыстың технологиясын зерттеуіміз керек.
Дрон соғысын, жасанды интеллектіні, радиоэлектрондық күресті, ғарыштық барлауды, әуе қорғанысын, киберқауіпсіздікті және әскери авиацияны дамытуымыз керек.
Меніңше, дәл осы кезеңде авиация мектебінен шыққан, әуе қорғанысын ішінен білетін Дәурен Қосановтың Қорғаныс министрі болуының мәні осында.
Ендігі мәселе – оның кәсіби тәжірибесін елдің қорғаныс қабілетін жаңа деңгейге көтеруге пайдалану.
Қазақстанның аспаны тыныш болуы үшін оны қорғауға қабілетті әскер керек.
Ал әскер тек генералдардан тұрмайды. Оның негізі – жастар.
Бүгінгі жас азамат армиядан қашатын емес, Отанын қорғауды азаматтық абырой деп қабылдайтын ұрпақ болуы тиіс.
Бауыржан Момышұлы аталарымыздың ерлігі – өткен тарих қана емес, кейінгі ұрпаққа аманат.
Сондықтан әрбір жас азамат әскери қызметке жауапкершілікпен қарауы керек.
Отан қорғау – біреудің емес, әрбір азаматтың қасиетті борышы.
Күшті мемлекет – экономикасы мықты, дипломатиясы беделді, армиясы кәсіби және аспаны қорғалған мемлекет.
Қазақстанға дәл осындай армия керек.