Қазақстанда бұрынғы дін қызметкері Владимир Воронцовқа қатысты тергеу аяқталды

57

Munarmedia.kz | 25.08.2026 | ASTANA — Бұрынғы дін қызметкері Владимир Воронцовқа қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды. Бұл туралы оның адвокаты Ғалым Нұрпейісов мәлімдеді.

Қорғаушының айтуынша, қазіргі уақытта Воронцов айыптау актісін алуды күтіп отыр. Құжат рәсімделгеннен кейін қылмыстық іс сотқа жолданады.

Владимир Воронцов — 2024 жылы діни дәрежесінен айырылған Ресей православ шіркеуінің бұрынғы дін қызметкері.

Воронцов 13 ақпанға қараған түні есірткіге қатысты іс бойынша ұсталған. Алматы қаласының әкімшілік соты оны есірткі заттарын медициналық емес мақсатта қолданғаны үшін кінәлі деп танып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алған.

Алайда 23 ақпанда әкімшілік қамау мерзімі аяқталғаннан кейін ол тергеушіге жеткізіліп, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 302-бабы («Есірткі притонын ұстау») және 296-бабы («Өткізу мақсатынсыз есірткі заттарын сақтау») бойынша күдікке ілінген.

25 ақпанда тергеу соты Воронцовты екі айға қамауға алу туралы шешім шығарған.

Мамыр айында сот оны психиатриялық көмек көрсететін мамандандырылған медициналық ұйымға мәжбүрлі түрде жіберген. Психиатриялық сараптама нәтижесінде Воронцовтың ақыл-есі дұрыс деп танылып, кейін ол қайтадан тергеу изоляторына жөнелтілген.

Бұған дейін Воронцов денсаулығына байланысты мәселелер мен медициналық көмектің жеткіліксіздігіне шағымданған.

Сонымен қатар бірқатар ақпарат көздерінде Воронцовқа қатысты қылмыстық істің есірткі притонын ұйымдастыруға қатысты күдікпен байланысты екені айтылған. Өз кезегінде Воронцов пен кейбір халықаралық ұйымдар өкілдері істі саяси сипаттағы қудалау ретінде көрсетуге тырысатыны туралы пікірлер де жарияланған.

Қылмыстық іс бойынша соңғы құқықтық бағаны сот береді.

#Munarmedia #Қазақстан #Астана #ВладимирВоронцов #ҚылмыстықІс #Тергеу #Сот #Заң #Жаңалық