Жамбыл облысы аумағында жаңа "Меркі" мемлекеттік табиғи паркі құрылды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес, бұл парк ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесіне ие болды. Бұл туралы ҚР Экология министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті хабарлады.
Табиғи парк Батыс Тянь-Шаньның тау бөктері мен таулы аймақтарының бірегей экожүйелерін сақтау мақсатында құрылған. Оның жалпы аумағы 86 632 гектарды құрайды.
"Меркі" паркінде Қазақстанның Қызыл кітабына енген сирек жануарлар түрлері мекендейді. Олардың қатарында қар барысы, арқар, үнді дикобразы және түркiстан сілеусіні сияқты бағалы аң-құстар бар.
"Парк бірнеше жыл бойы мемлекеттік органдардың, ғылыми мекемелердің, жергілікті қауымдастықтардың және БҰҰ Даму бағдарламасы (ПРООН) сынды халықаралық серіктестердің бірлескен еңбегінің нәтижесінде құрылды. Бұл парк экотуризмді дамытуға, экологиялық білім беруге және халықты табиғатты ұтымды әрі тұрақты пайдалану үдерісіне кеңінен тартуға мүмкіндік береді", – деп атап өтті Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті.
Алдағы уақытта "Меркі" паркінде инфрақұрылымды дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарлануда.