Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Үндістан Пәкістанның әскери кеңесшілерін елден шығарып жібермек

25




ЖАҢА ДЕЛИ, 2025 жылғы 25 сәуір /DW/ — Үндістан үкіметі Жаңа Дели қаласындағы Пәкістанның Жоғарғы комиссариатында қызмет атқаратын қорғаныс, құрлық әскері, әскери-теңіз және әуе күштері жөніндегі кеңесшілерді «persona non grata» деп жариялап, бір апта ішінде елден кетуді талап етті.

Бұл шешімді Үндістан Сыртқы істер министрінің орынбасары Викрам Мисри Жамму мен Кашмирде орын алған лаңкестік шабуылдан екі күн өткен соң жария етті. Аталған шабуылдан 26 адам көз жұмған.

The Times of India басылымының хабарлауынша, Үндістан сондай-ақ Исламабадтағы өз Жоғарғы комиссариатынан да әскери кеңесшілерін кері қайтару туралы шешім қабылдаған. Мәлімдемеде бұл лауазымдардың алдағы уақытта жойылатыны да атап өтілген.

Пәкістан азаматтарына елден кетуге бұйрық берілді

Бұдан бөлек, Үнді билігі елде уақытша тұрып жатқан барлық Пәкістан азаматын виза мерзіміне қарамастан 29 сәуірге дейін елден кетуге міндеттеді. Үндістан Сыртқы істер министрлігі: «Виза мерзімі аяқталмаған күннің өзінде Пәкістан азаматтары белгіленген мерзімге дейін елден шыққан болуы тиіс», – деп мәлімдеді. Сонымен қатар, Пәкістан азаматтарына Оңтүстік Азия аймақтық ынтымақтастық қауымдастығы (SAARC) аясындағы визасыз режиммен Үндістанға кіруге тыйым салынды. 1 мамырға дейін екі елдің елшіліктеріндегі қызметкерлер саны 55-тен 30 адамға дейін қысқаратыны айтылды. Визасыз келген Пәкістан азаматтары 48 сағат ішінде елден шығарылатын болды.

Инд өзеніне қатысты келісімді уақытша тоқтатты

Лаңкестік шабуылдан кейін Үндістан Үкіметінің Қауіпсіздік комитеті 1960 жылы Үндістан мен Пәкістан арасында жасалған Инд өзенінің су ресурстарын бірлесіп пайдалану туралы келісімді уақытша тоқтату жөнінде шешім қабылдады.

Викрам Мисридің айтуынша: «Пәкістан шекаралық лаңкестік әрекеттерді толық тоқтатқанша, Инд өзеніне қатысты келісімнің орындалуы уақытша тоқтатылады».

Бұл мәлімдемеге жауап ретінде Пәкістан билігі көрші елдің су беруді доғару әрекетін «соғыс жариялау» ретінде қабылдайтынын ескертіп, тиісті қатаң шаралар қабылданатынын мәлімдеді. Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шарифтің кеңсесі таратқан хабарламада: «Инд өзеніндегі Пәкістанға тиесілі су ағынын тоқтату немесе өзгерту әрекеті – соғыс қимылы болып саналады және соған сай жауап беріледі», – делінген. Сонымен қатар, Үндістан Пәкістанмен шекарадағы стратегиялық маңызды Аттари өткелін жабу туралы шешім қабылдағаны белгілі болды.

Кашмирдегі шабуыл 

22 сәуірде Үндістанның туристік аймағы саналатын Пахалгам қаласында белгісіз қарулы адамдар шабуыл жасап, салдарынан 26 адам қаза тапты. Құрбандардың басым бөлігі – туристер. Greater Kashmir газетінің хабарлауынша, бұл шабуылды Пәкістаннан қолдау алатын «Кедергі майданы» (The Resistance Front, TRF) атты бүлікшілер тобы өз мойнына алған. Аталған топ Жамму мен Кашмир аймағын Үндістан заңсыз иемденіп отыр деп есептейді. Үнді билігі бұл ұйымды лаңкестік топтар тізіміне енгізген.