Munarmedia.kz 11.11.2025 /Астана/ Түркістан облысында 16 жастағы қызды алып қашып, Шымкентке апарып, екі ай бойы зорлағаны туралы мәлімет тарады. Бұл туралы «Орда» басылымының тілшісіне жәбірленушінің ата-анасы айтып берген. Екі жыл өтсе де, іс сотқа жетпеген — ата-ананың айтуынша, полиция қызметкерлері 3,5 миллион теңге пара алған.
Әлеуметтік желідегі таныстық – трагедияның бастауы
2023 жылы қыз әлеуметтік желіде 23 жастағы жігітпен танысқан. Бір күні ол қыздың үйіне келіп, көлікке шақырып сөйлесуді өтінген. Бірақ кейін қыздың телефонын тартып алып, оны күштеп алып кеткен.
Ата-анасының сөзінше, ер адам қызды екі ай бойы жалдамалы пәтерде ұстаған, ұрып-соғып, колледждегі шәкіртақысын тартып алып отырған.
«Оның туыстары келіп, “Енді оны ешкім алмайды, үйде отырады”, – деді. Сосын: “Жігітті отырғызсаңдар, 20 жыл береді, кастрация жасайды. Жігітке обал емес пе?” – деп мені үгіттеді. Мен оларға: “Сол жағдай сендердің қыздарыңның басына түссе не істер едіңдер?” – дедім. Бірақ олар үндемей, кейін тағы да оны қорғауға көшті», – дейді қыздың әкесі (аты-жөні жарияланбауын өтінді).
«Біз 3,5 миллион бердік, енді үндемейсің»
Тергеу барысында полицейлер қыздың «өз еркімен қалды» деп көрсеткен. Кейін оны сол жігіттің үйіне қайта апарған. Ата-анасы мұны қысымның нәтижесі деп есептейді.
Қыздың анасы айтуынша, ер адам өз ісін жасыру үшін полицияға пара бергенін ашық айтқан:
«Ол қызыма: “Біріне 500 мың, қалғанына 3 миллион бердік. Барлығы 3,5 миллион кетті. Енді саған ешкім көмектеспейді. Баратын жерің жоқ болса, тауға барып асыла сал”, – деп қорлаған».
Қыз өз-өзіне қол салмақ болып, колледж оқытушыларының көмегімен аман қалған.
Іс Астанаға жетті, бірақ қайта жабылды
Қыздың отбасы осы уақыт ішінде полицияға, сотқа, тіпті Бас прокуратураға дейін барған.
«Біз Астанаға бардық, Бас прокуратураға кірдік. Ол жақтағы адамдар мүлде басқаша — тыңдады, түсінді. Содан кейін іс қозғалып, Түркістанға жіберілді. Бірақ кейін Шымкенттен келіп, істі өздеріне алып кетті де, жауып тастады», – дейді ашынған әке.
Полиция: “Қылмыс құрамы жоқ”
Шымкент қалалық полиция департаменті журналистердің сауалына берген ресми жауабында қылмыс дәлелденбегенін мәлімдеді.
«Тергеу барысында екі тараптан және куәгерлерден жауап алынды, беттестіру жүргізілді, бейнежазбалар тексерілді. Қылмыс құрамы болмағандықтан, іс тоқтатылды. Бұл шешім прокуратурамен келісілген», – делінген ДП жауабында.
“Біз әділдік қана іздейміз”
Қыздың ата-анасы бір ғана нәрсені қалайды — бүлдірген жігіттің заң алдында жауап беруін.
«16 жастағы қыздың өмірін, болашағын қиратқан адам жазасыз қалмауы тиіс», – дейді олар.
Бұл оқиға қоғамда қыз балалардың қауіпсіздігі мен полицияның әрекетсіздігіне қатысты тағы да өткір сұрақтар тудырды.