«Бізге қазақ мектебі керек!» — Алматы тұрғындары жаңа мектеп үшін акиматқа шықты

28


Munarmedia.kz 11.11.2025 /Астана/- Алматыда №224 мектептің төңірегінде тағы да дау туды. Білім ордасы әлі ашылмай жатып, оның оқыту тілі қоғамда қызу талқылануда.

27 қазан күні Бостандық ауданындағы ондаған тұрғын аудан әкімдігіне келіп, жаңа мектеп тек қазақ тілінде болуы тиіс деген талап қойды.


Қазақ мектебіне сұраныс — үлкен, орын — тапшы

Соңғы жылдары бұл ауданда жаңа тұрғын үй кешендері көптеп салынып жатыр. Халық саны артқан сайын, балалар саны да көбейіп келеді. Бірақ қазақ тілінде оқытатын мектептер жетіспейді.

Көп ата-ана балаларын қала шетіндегі мектептерге тасып оқытуға мәжбүр.

«Мектеп пен емхана тапшы. Жаңа мектеп салынады дегенде қатты қуанып едік. Әуелде қазақ мектебі болады деген. Менің үш балам бар: бірі таңертең, бірі түсте оқиды. Қыстың көзі қырауда күн сайын тасимын. Уақыттың бәрі жолда кетеді», – дейді тұрғын әйел.

Қазір Бостандық ауданында қазақ сыныптары бар жалғыз ғана аралас мектеп жұмыс істейді. Онда да орын жетіспейді.


«Балама қазақ мектебі табылмады»

Тұрғындардың бірі — Жұлдыз Баглан — сұраныстың қаншалықты жоғары екенін өз тәжірибесімен дәлелдейді.

«Баламды амалсыздан жекеменшік мектепке бердім. Ай сайын 200 мың теңге төлеп тұрдым. Тек екінші сыныпта ғана мемлекеттік мектепке орналаса алдық. Қазақ сыныптарына сұраныс өте жоғары», – дейді ол.


Аралас мектеп жоспары — ата-аналар қарсылығы

Ата-аналар жаңа №224 мектеп аралас тілде болуы мүмкін деген ақпарат шыққаннан кейін наразылықтарын ашық білдіре бастады.

Тұрғындар бұл шешімді «қазақ тіліндегі білімге деген сұранысты елемеу» деп бағалайды. Олардың айтуынша, қалада орыс тілді мектептер жеткілікті, ал қазақ тілді балаларға таңдау тым аз.


Алматы әкімдігі әзірге бұл жағдайға ресми түсініктеме берген жоқ. Ата-аналар болса, жаңа мектептің ашылуына дейін өз талаптарының орындалуын күтуде.