Түрікменстанда президентті таққа отырғызу мүмкіндігі қарастырылып жатыр: сыртқы ықпал және ішкі династия

54

Munarmedia.kz.21.07.2025 жыл /Астана/-Түрікменстанда билеуші әулеттің саяси позициясы күшейіп, сыртқы ойыншылардың ықпалы артқан тұста, елде президентті ресми түрде таққа отырғызу мәселесі көтеріліп отыр. Бұл туралы Telegram желісіндегі «Türkmen ýigidi Serdar» арнасы мәлімдеді.

Президентті «таққа отырғызу» идеясы алғаш рет халық әртісі Жемал Сапарованың аузынан шықты. Ол бұл ұсынысты Түрікменстанның бұрынғы басшысы Гурбангулы Бердімұхамедовтің 68 жасқа толуына орай өткен туған күн кешінде білдірді. Сарапшылар бұл ұсыныстың негізінен елдің қазіргі де-факто көлеңкелі басшысы саналатын Гурбангулы Бердімұхамедовке бағытталғанын алға тартады. Ресми түрде ол Халк Маслахатының төрағасы болғанымен, 2022 жылы билікті ұлы Сердарға тапсырғаннан кейін де шынайы билікті өз қолында ұстап отыр.

«Аргументы Недели» басылымының хабарлауынша, соңғы уақытта Бердімұхамедовтер әулетінің ішкі саясаттағы рөлі күшейіп отыр. Бұған дәлел ретінде – Огулджаһан Атабаеваның (Гурбангулының қызы, Сердардың әпкесі) халықаралық аренадағы белсенділігі келтіріледі. Ол гуманитарлық бастамалар аясында Түрікменстанның атынан түрлі мемлекеттермен, соның ішінде Ресей және Қытаймен кездесулерге қатысып жүр. Сарапшылардың пікірінше, бұл әрекет Ашхабадтың сыртқы бейнесін жұмсартуға ұмтылысты білдіреді.

Сонымен қатар, шолушылар Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедовті ел тарихындағы алғашқы лидер ретінде сипаттайды, оның тұсында «түрікмен газының» Еуропаға жол тарту мүмкіндігі нақты шындыққа айналуы мүмкін. Бұл, әсіресе ЕО-ның ресейлік энергоқорлардан бас тартуға тырысып жатқан тұсында, аймақтық геосаяси тепе-теңдікті елеулі өзгеріске ұшыратуы ықтимал.

Аналитиктердің айтуынша, Түрікменстан бейтараптығының 30 жылдық мерейтойы қарсаңында елдің бейтарап мәртебесіне Еуропа мен Түркі мемлекеттері ұйымы тарапынан қысым күшейіп келеді. Бұл жағдай әсіресе Бердімұхамедов-әкенің Бакуге жасаған сапары кезінде байқалған. Фотосуреттерден оның қаншалықты қобалжулы күйде жүргенін аңғаруға болады.

Әзербайжан өз мүддесін жасырмайды: Баку Еуропаға экспортталатын газ көлемін арттыруға мүдделі. Ол үшін Түрікменстанның газ инфрақұрылымын Әзербайжан арқылы өтетін Оңтүстік газ дәлізіне біріктіргісі келеді. Бұл өз кезегінде Иран мен Ресей бағыттарынан тәуелділікті азайтуға мүмкіндік бермек. Бірақ әзірге Ашхабад тарапынан Каспийдің түбімен құбыр салуға қатысты нақты саяси шешім шыққан жоқ.

«Независимая Газета» сарапшыларының пайымдауынша, бұл мәселеде шешуші рөлді Гурбангулы Бердімұхамедов атқаруы мүмкін, дегенмен оның стратегиялық келісімдерге ресми қол қою құқығы жоқ.

Осы арада Әзербайжан БАҚ-тары Каспийдегі даулы кен орындарын еске салып, Түрікменстан газының басым бөлігі әлі күнге дейін Азия нарығына, әсіресе Қытайға бағытталып отырғанын алға тартады. Олар Гурбангулы Бердімұхамедовтің Еуропаға бағытталған экспортқа асықпағанын да ерекше атап өтуде.

Бұл жағдайлардың барлығы Түрікменстандағы билеуші әулеттің ішкі және сыртқы саяси салмағына әсер етуде. «Türkmen ýigidi Serdar» арнасы атап өткендей, Түркия тарапынан Гурбангулы Бердімұхамедовке Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев арқылы ықпал ету әрекеттері байқалып отыр. Сарапшылардың пікірінше, Түркі мемлекеттері ұйымының алдағы саммиті Ашхабадтың шынайы бейтараптығы қаншалықты мызғымас күйде екенін айқындайтын маңызды сәтке айналуы мүмкін. Түрікмен билігі осы күнге дейін бейтараптықты аса жоғары деңгейде құрметтеп келгенімен, геосаяси шындықтар оларды нақты шешім қабылдауға итермелеуі ықтимал.