Өскемен әуежайындағы ұрлық фактілері бойынша тергеу аяқталды

39

Munarmedia.kz.21.07.2025 жыл /Астана/-Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, Шығыс Қазақстан облысындағы Өскемен халықаралық әуежайында ірі көлемде қаржы жымқыру фактілері бойынша тергеу аяқталды. Тергеу қорытындысына сәйкес, әуежай басшылығы қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, сеніп тапсырылған мүлікті аса ірі мөлшерде талан-таражға салған, сондай-ақ қылмыстық жолмен табылған ақшаны заңдастырумен айналысқан.

Агенттіктің мәліметінше, соңғы бес жыл ішінде «Аэропорт-Усть-Каменогорск» АҚ-ның бұрынғы президенті мен өзге де лауазымды тұлғалар жүйелі түрде қаражат ұрлаумен айналысқан. Олар еңбекақыны негізсіз арттырып, жалған сыйақылар жазып, жалған келісімшарттар жасаған. Ұрланған қаржы кейін қолма-қол ақша түрінде касса арқылы шешіліп отырған.

«Компанияға тиесілі көліктер балансынан шығарылып, нарықтағы бағасынан әлдеқайда төмен бағаға байланысты тұлғаларға сатылған. Бұдан бөлек, акционерлік қоғамның коммерциялық жылжымайтын мүлкі де жеңілдікпен жалға берілген: төмендетілген тарифпен әрі жалға алынатын аумақ көлемі қысқартылған түрде», – деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі.

Мемлекетке келтірілген жалпы шығын көлемі – 157 миллион теңге.

Сот санкциясымен күдіктілердің 126 миллион теңге тұратын мүлкіне тыйым салынды. Олардың қатарында 4 пәтер, бір жер телімі және 2 жеңіл автокөлік бар.

Барлық күдіктілер қамауға алынды.