Трамп Зеленскийге: Украина аумағын бөлу мәселесі Путинмен талқыланбайды

82

Munarmedia.kz.14.08.2025 /Астана/-АҚШ президенті Дональд Трамп 15 тамызда өтетін Владимир Путинмен кездесуінде Украина аумақтарының тағдырын талқыламайтынын мәлімдеді.

The Moscow Times дерегін келтірген Exclusive.kz хабарлауынша, бұл уәде Трамптың сәрсенбі күні Украина президенті Владимир Зеленский және бірқатар еуропалық көшбасшылармен онлайн-конференциясында айтылған.

Дереккөздердің айтуынша, Ақ үй басшысы басты мақсаты — шартсыз бітімге қол жеткізу екенін жеткізген. Әңгіме барысында АҚШ, Украина және Еуропа өкілдері бір ұстанымға келді: бейбіт келіссөздер тек атысты тоқтату режимі орнағаннан кейін ғана басталуы тиіс, ал Украина өз аумағы мен болашақ бейбіт шарттарға қатысты кез келген келіссөзге тікелей қатысуы қажет.

Алайда NBC-ге пікір білдірген еуропалық дипломаттардың бірі кейбір ел көшбасшыларының Трамптың Путинмен келіссөз нәтижелері жөнінде аса оптимистік көзқараста емес екенін айтты. Бұрынғы америкалық жоғары лауазымды шенеунік CNN-ге берген сұхбатында Трамптың «одақтастарды өз жағында ұстауға тырысатынын» және «Путинмен кездесуде кез келген жағдайдың болуы мүмкін» екенін атап өтті.

Онлайн-конференция барысында сондай-ақ Ресейге жаңа шектеулер енгізу және Мәскеудің сауда серіктестеріне қарсы екінші деңгейлі санкциялар салу мүмкіндігі талқыланған. Бұл қадамдар Трамп–Путин келіссөзі «сәтсіз аяқталған» жағдайда қарастырылуы ықтимал. Дегенмен Ақ үй басшысы бұл мәселеде нақты уәде бермегенін NBC жазады.