Трамп пен Тоқаев телефон арқылы сөйлесті

12

Munarmedia.kz 24.12.2025 /Астана/

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен АҚШ Президенті Дональд Трамп арасында ұзаққа созылған телефон арқылы әңгіме өтті.

Әңгіме барысында Қазақстан мен АҚШ басшылары екіжақты күн тәртібіндегі негізгі мәселелер мен халықаралық ахуалға қатысты жан-жақты пікір алмасты. Тараптар украиналық дағдарысқа байланысты өзекті жайттарға да ерекше назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қараша айында Вашингтонға жасаған ресми сапары аясында қол жеткізілген уағдаластықтарды толық әрі дәйекті іске асыруға Қазақстанның ниетті екенін растады.

Мемлекет басшысы Украинадағы қақтығысты реттеудің күрделі сипатын атап өтіп, бұл үдерісте аумақтық мәселе шешуші рөл атқаратынын және «жердегі нақты жағдайды» ескере отырып, екі тараптан да өзара ымыраны талап ететінін жеткізді.

Осыған байланысты Қазақстан барлық мүдделі тараптарды сабырлылыққа, икемділікке және кәсібилікке шақырып, бейбіт келісім формуласына қол жеткізу жолындағы ізденісті жалғастырудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар еліміздің қақтығыста делдал рөлін атқармайтынын, алайда қажет болған жағдайда ізгі ниет рухында келіссөздер өткізу алаңын ұсынуға дайын екенін мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президентінің жоғары көшбасшылық қасиеттерін атап өтіп, оның бірқатар халықаралық әскери қақтығыстарды аяқтауға және Америка Құрама Штаттарының ішкі әлеуетін нығайтуда оң нәтижелерге қол жеткізуіне мүмкіндік бергенін айтты.

Әңгіме соңында Мемлекет басшысы Дональд Трампты өзіне қолайлы уақытта Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырып, бұл сапардың тарихи маңызға ие болатынына сенім білдірді.