Тәжікстан Мәдениет министрлігі блогерлерге бақылау орнатпақ

29

Munarmedia.kz.23.07.2025 /Астана/-Тәжікстанның Мәдениет министрлігі елдегі блогерлердің қызметін заңмен реттеуді ұсынды. Ведомство «Ақпарат туралы» заңға және Ақпараттық кодекске толықтырулар енгізіп, блогерлер мен бейкәсіби өнер иелерінің жұмысына байланысты жаңа ережелер қалыптастырмақ. Қазіргі кезде бұл бастама келісу сатысында, нақты мерзімдері мен ережелер толық жарияланған жоқ.

Министрлік арнайы нұсқаулықтар мен талаптар жүйесін әзірлеп қойған. Ол блогерлер мен өзіндік шығармашылықпен айналысатын тұлғаларға арналмақ. Мақсат – контент сапасын арттырып, қоғамдық және тілдік нормаларды сақтау мәдениетін қалыптастыру.

Негізгі сын тетіктері:

  • Контент мазмұнын бақылау.

  • Тексерілмеген немесе жалған ақпарат таратуға тыйым.

  • Қоғамдық мораль мен тілдік нормаларды бұзу фактілеріне жауапкершілік қарастыру.

  • Талаптарды елемеген жағдайда қызметті уақытша тоқтату сынды шаралар қолданылуы мүмкін.

Мәдениет министрлігінің өкілі Бахтиёр Хамдамов бұл бастаманың артында медиа сауаттылықты арттыру және қоғамдық мәдениетті сақтау ниеті тұрғанын мәлімдеді:

«Көптеген блогерлер өз парақшаларын қалай бар, солай жүргізеді: бірі өзін жарнамалайды, бірі тауар сатады, енді бірі дөрекі тіл арқылы танымал болғысы келеді. Олардың контент деген не екенін толық түсінбейтіні байқалады», – деді Хамдамов.

Министрлік өкілдері тым қатал бақылау көптеген блогтардың жабылуына әкелуі мүмкін екенін мойындайды. Сондықтан бұл бастама біртіндеп жүзеге асырылады, әрі халықаралық тәжірибе де ескеріліп жатыр. Ведомство медиа саласына шамадан тыс қысым жасамауға тырыспақ.

Жаңа тәртіпке блогерлердің көзқарасы екіұдай. Бірі әлеуметтік желіде тәртіп орнағанын құптаса, енді бірі мұны цензура мен еркіндікке қол сұғу деп қабылдайды.

Кейбір сарапшылар болашақта блогерлерге арналған міндетті курстардың пайда болуын да жоққа шығармайды — тіл нормалары мен медиаэтика бойынша. Бұл өз кезегінде интернет мәдениетін мектеп партасына қайта оралтқандай әсер қалдыруы мүмкін.

Қырғызстанда билік жақында блогерлер мен БАҚ өкілдеріне тікелей «елдің имиджіне нұқсан келтірмеңіз» деген мазмұндағы үндеу жасаған. Бұл – Орталық Азияда биліктің цифрлық кеңістікті реттеуге деген талпынысы жиілеп келе жатқанын көрсетеді.

Тәжікстанда қолға алынып жатқан бастама — цифрлық кеңістіктегі мәдениет пен жауапкершілікті арттыру әрекеті ме, әлде мемлекеттік бақылаудың жаңа кезеңі ме — бұл сұрақ әзірге ашық. Заманауи интернет-сленг пен еркін өзін-өзі көрсету формаларын шектеу билікке уақытша тыныштық сыйлағанымен, жастар аудиториясының қарсылығын тудыруы мүмкін. Осы орайда, тыйым салу емес, ынталандыру тетіктері басым болғаны абзал.