Тайвань Қытайдың RedNote платформасын бір жылға бұғаттауы мүмкін

22



🟦 Munarmedia.kz 07.12.2025 / Көкшетау Тайвань билігі алаяқтықпен байланысы бар деген себеппен Қытайдың RedNote (Xiaohongshu) әлеуметтік платформасын бір жылға бұғаттау туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Тайваньның Ішкі істер министрлігі хабарлады.

Соңғы жылдары RedNote Тайваньда танымалдылығы артып, 23 миллион халқы бар аралда шамамен 3 миллион қолданушысы бар деп есептеледі. Дегенмен ресми Тайбэй платформаның Қытай үкіметінің ықпалында болуы мүмкін екенін және «ақпараттық ықпал ету құралы» ретінде пайдаланылуы ықтимал деген алаңдаушылық білдіріп келеді.

Министрліктің мәліметінше, платформаны бұғаттау шешімі RedNote компаниясының алаяқтықпен күрес бойынша Тайвань билігімен «ынтымақтасудан бас тартуына» байланысты қабылданған. Тергеу материалдарында RedNote 1 700-ден астам алаяқтық ісіне қатысты деп көрсетілген. Бұл қылмыстардың жалпы шығыны 247,7 млн тайвань долларын (шамамен 7,9 млн АҚШ долларын) құрайды.

Алайда шектеудің нақты қашан күшіне енетіні әзірге белгісіз. 2025 жылдың 5 желтоқсан күні түстен кейін платформаның Тайвань аумағында қалыпты жұмыс істеп тұрғаны байқалған.

Айта кетейік, RedNote бүгінде TikTok-тың негізгі бәсекелестерінің бірі саналады. Платформаның форматы TikTok пен Instagram элементтерінің қосындысына ұқсас. TikTok-ты АҚШ-та бұғаттау ықтималдығы туралы талқылаулар басталғалы RedNote-тың танымалдығы мен қолданушылар саны одан әрі өскен.