Munarmedia.kz.13.07.2025 /Астана/-Шығыс Қазақстан облысында Қаржы мониторингі агенттігінің (ҚМА) өңірлік департаменті ҰҚК департаментімен бірлесіп, жалпы сомасы 9 млрд теңгеден асатын заңсыз электр қуатын жеткізу фактісін анықтады.
ҚМА баспасөз қызметінің мәліметінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, майнинг кәсіпорындарына электр энергиясын жеткізу тек бірыңғай мемлекеттік сатып алушы арқылы және 1 мегаватт-сағаттан аспайтын көлемде ғана рұқсат етіледі.
Алайда бірқатар энергиямен жабдықтаушы компаниялар екі жыл бойы халық, әлеуметтік нысандар және стратегиялық кәсіпорындар үшін бөлінген электр қуатын майнинг фермаларына заңсыз жеткізіп келген.
Тексеру нәтижесінде жалпы тұтынылған электр энергиясының көлемі 50 мегаватт-сағаттан асқаны белгілі болды. Бұл — халқы 50–70 мың адамды құрайтын қаланың энергия тұтыну деңгейіне тең көрсеткіш.
Тергеу барысында қылмыстық жолмен алынған кірістер есебінен ұйымдастырушы Нұр-Сұлтанда екі пәтер және төрт автокөлік сатып алғаны анықталды. Сот санкциясымен бұл мүліктерге мүмкін болатын тәркілеу мақсатында тыйым салынды.