"Шерзат ісі" деп аталатын ауыр сот процесі сонымен тәмәм. Қайғылы қаза әділдік іздеген қазақтілді қауымның осы істі жіті бақылауына түрткі болды. Күні кеше сот үкімі шығып, басты кейіпкерлер ұзақ мерзімге сотталды деп жазады Ertenmedia.
"Шерзат ісіне" әуелде атышулы Айтбек Амангелді араласқан. Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы, заңгерлік кәсібі жоқ бола тұра, орыстілді ортаның арасында танымал боп үлгерген-тұғын.
Нүкенованың ісінен кейін оның есімі күллі елге жайылып, әділет іздеген қауым Айтбектен араша сұрайтын болған. Нұрымовтар отбасы да алғашында осы Айтбектің көмегіне жүгінген-ді.
Себебі, Айтбек бастаған қорғаушылар тобы толықтай орысша сөйлейтін, орысша ойлайтын орта болатын. Олардың бұйырып сөйлейтін, аракідік дөрекілеу позициясы Нұрымовтар секілді қазақы әулеттің ұстанымымен мүлде үйлеспеді. Бұған Қаржаубай мен Айтбектің уатсаптағы жазбасын шолып шықсаңыз, көзіңіз жетеді.
Шерзаттың қазасы, Салтанаттың ісінен бөлек еді. Айтбекке салса, бұл іске Ксения Собчакті араластыруы да ғажап емес-тұғын. Нұрымовтар әулеті өз тегінен ажырамаған, қазақы мінезді, қазақы болмысты отбасы. Олар үшін тек сотта ғана емес, рухани-моральдық тұрғыда да әділдікке жету маңызды болатын.
Айтбектен құтылғасын-ақ іс алға басты. Осы істің қозғаушы күші саналатын қазақтілді қауым дер кезінде ақпарат алып, процестің алға жүруіне атсалысты.
Мейірман Шекеев? Ол кәсіби адвокат. Өз ісінің шебері әрі ана тілімізде қызмет көрсететін санаулы маманның бірі. Шекеев іске кіріскен күннен процеске басқа реңк берді. Әрбір деталды жіті талдап, әр құжатты мұқият тексеріп, сот алдына нақты әрі дәлелді фактімен шықты.
Нәтижесінде сот процесі толығымен қазақ тілінде өтті. Бұл қоғамның өзі аса көп мән бере бермейтін, бірақ маңызды жеңіс еді.
Шекеевтің арқасында қазақ тілінің мәртебесі өсті. Шерзат ісімен байланысты контент түгел қазақ тілінде тарады. Айтбектің істен шеттеуі, отбасының одан өз еркімен бас тартуы екі тараптың арасындағы дүниетанымның бөлек екенін көрсетіп берді.
Кешегі сот үкімі тек Нұрымов отбасының емес, тұтас қазақтілді адвокаттар коммунасының жеңісі. Қоғамның санасындағы "қазақ тілінде сот ісін жүргізетін білікті маман жоқ" деген стереотип толық бұзылды.
Енді адвокат Шекеевке деген сұраныс артады. Ал Айтбек Амангелді секілді орыстілді белсенділердің қоғамдағы ықпалы бірте-бірте әлсірей береді. Қазақы болмыс, қазақы ортамен толық санаспағанша, олар "орыс әлемінің" бір бөлшегі болып қала бермек.
"Шерзат ісі" қазақтілді адвокаттардың беделін арттырып қана қоймай, ұлттық дүниетаным мен адвокатураның түйіскен тұсында сапалық өзгеріс тудырары сөзсіз.
Қоғамға нақты сигнал берілді: қазақтілді адвокаттар күрделі сот процесін толыққанды әрі нәтижелі жүргізе алады, бұған олардың кәсіби деңгейі де, дайындығы да жетеді.