MUNARMEDIA.KZ 10.09.2025 /АСТАНА/-Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы алғашқыда ресми салтанатты рәсім секілді қабылданғанымен, саяси тұрғыда екі «сигналдық оқиғамен» ерекшеленді. Біріншісі – «қамауға алынды» деген қауесетке қарамастан, парламент мінберінде жарқырап көрінген Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу. Екіншісі – Тоқаевтың Сенатты жою туралы жариялаған бастамасы. Үшінші референдум. Үшінші саяси дүмпу.
Бұл екі жайт қазақстандық элита мен жұртшылыққа астарлы хабар жіберді: президент өз командасын қалыптастырып бітті, енді «ескі жүйенің соңғы тіректерін» бұзуға дайын.
«Преемник» пен саяси интрига
Мұрат Нұртілеудің парламент залындағы бейнесі – ел ішінде ұзақтан бері айтылып жүрген «преемник» тақырыбына тағы май құйды. «Тірі» әрі жарқын кейіпте көрінген министр Тоқаевтың толық сеніміне ие екенін аңғартты. Бұл – елдің ішкі саяси сахнасындағы интригалардың қызу нүктесі.
Оның үстіне премьер-министр Олжас Бектенов пен Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов та қатарда. Ал Сенат төрағасы Маулен Әшімбаевтың камера объективінен тыс қалуы көп нәрсені аңғартады: ол тек өтпелі кезеңнің фигурасы болғаны анық. Тоқаевтың өз командасы бар, ал «бос орындықтар» енді жаңа саяси құрылымға берілмек.
Сенат – Назарбаев дәуірінің соңғы көлеңкесі
Сенатты тарату бастамасы – тек заңнамалық реформа емес. Бұл – Назарбаев салған билік архитектурасының соңғы тасын қопару. Унитарлы Қазақстан үшін қос палаталы парламент әрдайым «бесінші доңғалақ» болған. Енді оны алып тастау – саяси жүйені жеңілдетіп қана қоймай, «ескі дәуірден» символдық түрде арылу.
Бірақ сұрақ туындайды: неге 2027 жылға қалдырылды? Шын мәнінде, Сенатты бүгін таратуға да болар еді. Президенттің «реформа күрделі» деген уәжі жұрттың бәріне күмәнді естіледі. Әлде бұл – уақыт ұту, әлде саяси шахматтағы ұзақ комбинация.
«Жаңа Қазақстан» ба, әлде ескі сценарий ме?
Жолдау Қазақстанды «таза парақтан» бастауға уәде еткендей. Бірақ елге мұндай уәделер жат емес: инфляция, көлеңкелі капитал, шексіз миграция, бизнесті тұсаулау сияқты «созылмалы дерттер» жылдар бойы Жолдаудан Жолдауға көшіп жүр.
Бұл жолы айырмашылығы – саяси сахнаның жаңа декорациясы: Мәжіліс тек партиялық тізіммен сайланады, жаңа партиялар жасанды демеумен құрылуы мүмкін, ал 2027 жылы бірпалаталы парламентке жол ашылады.
Геосаяси амбиция ма?
Әрі бір қызық нұсқа бар. Саясаттағы құлақ түргіштер Тоқаевтың халықаралық аренаға – БҰҰ Бас хатшылығына көз тігіп жүргенін жиі айтады. Женевадағы жылдарын аңсап, Нью-Йорк мінберіне ұмтылуы мүмкін дейді. Мұндай болжам, әрине, әзірге конспирологияның аумағында. Бірақ ООН реформасы туралы әр сөзінде оның жан қалауы сезіледі.
Қорытынды
Тоқаевтың биылғы Жолдауы – кезекті жоспар емес, саяси дәуірдің жаңа межесі. Ол «ескі жүйенің» соңғы институтын – Сенатты – тарих сахнасынан ығыстыруға бекінді. Бұл шешім тек құрылымдық өзгеріс емес, биліктің саяси картасын қайта сызатын оқиға.
Сұрақ көп: қалай өтеді, кімдер қалады, кімдер кетеді? Бірақ бір нәрсе айқын – Қазақстанның саяси сахнасы алдағы екі жылда күрт өзгереді.
Және бұл өзгерістердің қарқынынан ешкім сыртта қала алмайды.
Максат Нұрпеисов