Америкада семіздікке қарсы дәрі-дәрмек төңірегінде үлкен саяси шайқас басталды. Енді бұл саладағы шешуші қадам АҚШ президенті Дональд Трамптың қолында тұр.
Қазіргі таңда семіздікпен күресетін тиімді препараттарға сұраныс бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Сол себепті фармацевтикалық алпауыттар биліктен бұл дәрілердің қолжетімділігін кеңейтіп, қарттарға арналған Medicare бағдарламасы арқылы төлем жасалса деген талап қойып отыр. Алайда Трамп әкімшілігі әзірге мұндай бастамаға қарсы.
Мәселені ушықтырған тағы бір жағдай — соңғы екі жылда (2022–2024) түпнұсқа дәрілердің тапшылығынан арзан баламалар нарықты жаулап алды. Қазір негізгі өндірушілер — Novo Nordisk пен Eli Lilly — өз дәрілеріне бәсекелес арзан өнімдерге тыйым салуды талап етуде.
Фармацевтикалық компаниялар бұдан бөлек, Medicare-дің семіздікке қарсы дәрілерді өтеуіне 20 жыл бұрын салынған тыйымды жою үшін де белсенді күрес жүргізіп жатыр. Үкімет бұған қарсы, өйткені бастапқы шығын көлемі өте жоғары. Бірақ сарапшылардың айтуынша, ұзақ мерзімде бұл қадам артық салмақтың салдарынан туындайтын ауруларды азайтып, шығынды өтейді.
Фармацевтика саласындағы бұл дау Вашингтонда үлкен лоббистік науқанға ұласты.
Мысалы, Novo Nordisk пен Eli Lilly 2025 жылдың алғашқы үш айында әрқайсысы 3 миллион доллардан астам қаржы шығындап, ондаған ықпалды лоббистік компанияны жалдаған. Олардың қатарында Avoq, Holland & Knight және Williams & Jensen сияқты танымал ұйымдар бар.
Сонымен бірге арзан балама дәрілерді ұсынатын Hims және Ivim Health компаниялары да өз мүдделерін қорғауға кірісті. Ivim Health бұл мақсатта Ақ үйдің бұрынғы баспасөз хатшысы Шон Спайсерді өз өкілі етіп тағайындаған.
Қысқасы, семіздікпен күрес тек медицина саласының емес, Вашингтондағы ең қызу саяси тақырыптардың біріне айналды.