Munarmedia.kz | 01.09.2026 | ASTANA Қазақстанда соңғы кезеңдегі саяси өзгерістер қоғамға жаңа саяси жүйе қалыптастырады деген үміт ұялатты.
Алайда реформалардың мазмұны мен олардың практикалық нәтижесіне қарасақ, билік пен қоғам арасындағы саяси диалогтың кеңеюі емес, керісінше, қоғамдық бақылау тетіктерінің әлсіреуі байқалады.
Мұны ең алдымен қоғамдық пікірдің маңызды мінберлерінің бірі болған айтыстың қазіргі жағдайынан көруге болады.
Бір кездері айтыс халықтың мұң-мұқтажын, әлеуметтік мәселелерді, билік пен қоғам арасындағы қайшылықтарды ашық жеткізетін ерекше қоғамдық институт қызметін атқарды.
Жүрсін Ерман қалыптастырған айтыс мектебі осы дәстүрдің сақталуына елеулі үлес қосты.
Алайда айтыстың ұйымдастырылуы мен мазмұны өзгерген сайын оның қоғамдық-саяси функциясы да әлсіреп бара жатқандай әсер қалыптасты.
Егер айтыс билікті сынаудан, қоғамның мәселесін ашық айтудан алыстап, негізінен мемлекеттік саясатты қолдайтын мінберге айналса, оның халықтық сипаты да әлсірейді.
Өнердің міндеті билікті ғана мақтау емес, қоғамның шынайы көңіл күйін жеткізу болуы тиіс.
Осыған ұқсас тенденцияны журналистика саласынан да байқауға болады.
Парламенттік журналистиканың негізгі міндеттерінің бірі — мемлекеттік билік өкілдеріне қоғамдық маңызы бар сұрақтар қою, олардың қызметіне бақылау жасау және қоғам атынан есеп талап ету.
Егер депутаттар журналистердің өткір сұрақтарынан қорғалып, ал олардың қоғам алдында есеп беру мүмкіндігі шектелсе, бұл парламенттік мәдениеттің дамуына емес, керісінше, саяси жауапкершіліктің әлсіреуіне алып келеді.
Сөз бостандығының сапасы дәл осындай институттардың жұмысымен өлшенеді.
Журналист еркін сұрақ қоя алмаса, депутат сынға ашық болмаса, ал қоғамның сыни пікірі саяси шешім қабылдау процесіне ықпал ете алмаса, онда демократиялық институттардың формалды түрде болуы олардың мазмұнды жұмыс істеп тұрғанын білдірмейді.
Саяси реформаның тағы бір маңызды мәселесі — жаңа Құрылтайдың саяси плюрализмді қаншалықты қамтамасыз ететіні.
Құрылтай құрамындағы партиялар мен депутаттардың барлығы дерлік билікпен институционалдық тұрғыдан белгілі бір деңгейде үйлесімді жұмыс істейтін жағдайда, бір ғана партияның (ОСДП) өзін өтірік «оппозиция» ретінде көрсетуі жеткіліксіз.
Шынайы саяси оппозиция биліктің шешімдерін жүйелі түрде сынап қана қоймай, балама саяси бағдарлама ұсынуы, қоғамдық бақылау жүргізуі және сайлаушылардың мүддесін тәуелсіз қорғауы тиіс.
Сондықтан Құрылтайдағы саяси күштердің барлығын олардың атауына немесе мәлімдемесіне қарай емес, нақты дауыс беруі, ұстанымы, заң шығару бастамалары және атқарушы билікке қоятын талаптары арқылы бағалау қажет.
Ал «Әділет» партиясы төңірегіндегі жағдай да жаңа саяси жүйенің сапасына қатысты сұрақтар туындатады.
Депутаттың ең басты саяси капиталы — оның кәсіби дайындығы, заңнаманы түсіну қабілеті, жауапкершілігі және қоғам алдында сөйлей білуі.
Егер депутаттар ант беру рәсімінің өзінде қажетті деңгейде дайындық көрсете алмаса, бұл жеке адамдардың ғана емес, оларды ұсынған саяси институттардың да жауапкершілігі туралы мәселе көтереді.
Мұндай жағдай қоғамның жаңа саяси институттарға деген сеніміне тікелей әсер етеді.
Ең маңызды мәселе — жүргізілген саяси реформаның түпкі мақсаты.
Егер реформаның нәтижесі билік тармақтарының жұмысын тиімді етуге, қоғамның саяси шешімдерге қатысуын кеңейтуге, депутаттардың дербестігін арттыруға, БАҚ-тың бақылау функциясын күшейтуге және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталса, онда оның қоғам үшін нақты нәтижесі болуы тиіс.
Ал егер ауқымды саяси өзгерістердің нәтижесінде негізгі саяси шешімдер бұрынғыдай тар шеңберде қабылданып, жоғары мемлекеттік лауазымдарға бірнеше адамның ауысуымен ғана шектелсе, онда қоғамның «Бұл реформаның нақты мақсаты қандай болды?» деген сұрақ қоюы заңды.
Мемлекеттік реформаның өлшемі — жаңа атаулар мен жаңа құрылымдардың пайда болуы емес.
Оның басты өлшемі — азаматтың билікке ықпалының күшеюі, биліктің қоғам алдындағы есептілігінің артуы және саяси бәсекелестіктің нақты қалыптасуы.
Қазақстан үшін ең қауіпті сценарий — саяси институттардың сыртқы формасы сақталғанымен, олардың ішкі мазмұны біртіндеп әлсіреуі. Мұндай жағдайда парламент бар, бірақ қоғамдық бақылау жоқ; журналистика бар, бірақ өткір сұрақ жоқ; айтыс бар, бірақ халықтың мұңы айтылмайды; саяси партиялар бар, бірақ нақты саяси бәсекелестік жоқ деген парадокс қалыптасуы мүмкін.
Авторитарлық жүйелердің ерекшелігі де осында: сыртқы демократиялық институттар сақталғанымен, олардың шешім қабылдауға ықпалы шектеледі.
Сондықтан Қазақстанның алдында тұрған негізгі міндет — саяси реформаны аяқталған процесс ретінде емес, оның нәтижесін қоғамның еркіндігі, саяси бәсекелестік, сөз бостандығы және биліктің есептілігі арқылы бағалау.
Халықтың үнін өшіру — тұрақтылық емес.
Керісінше, қоғамдағы мәселелерді ашық айтуға мүмкіндік бермеу олардың шешілмей жиналуына және қоғамның өз үнін естірту үшін көшеге шығуына әкеледі.
Біз бұдан өттік ғой.
Неге сабақ алмайды?
Қазақстанға мақтаушы ғана емес, сұрақ қоя алатын журналист, сын айта алатын депутат, шынайы қоғамдық пікірді жеткізетін өнер және билікке балама ұсына алатын саяси күштер қажет.
Өйткені мемлекеттің тұрақтылығы халықтың үнін өшірумен емес, сол үнді естіп, оған жауап бере алатын саяси жүйемен қамтамасыз етіледі.