Салық кодексі енді тек бизнесті ғана емес, сөз бостандығын да шектей ме?

28

Munarmedia.kz 27.09.2025 /Астана/ Жаңа Салық кодексі, Президенттің биылғы жазда қол қоюымен қабылданған соң, 2026 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енуі тиіс еді. Бұған дейін қоғамда ҚҚС өсімі мен арнайы салық режимдерінің қысқаруы жөнінде дау туғанымен, соңғы айларда бұл тақырыптың айналасындағы шу басылып, бизнес тек бағалар мен шығындардың өсуіне дайындалумен шектеліп жатқан. Алайда, өткен аптада жағдай күрт өзгерді — "тыйым салынған қызмет түрлерінің тізімі" деп аталған құжаттың жобасы жарияланып, жаңа толқуға түрткі болды.


"Қара тізім" — бизнеске соққы ма, әлде сөз бостандығына ма?

Құжат алғаш болып кездейсоқ Telegram арналарында емес, Мәжілістің жұмыс тобының мүшесі, Respublica партиясының тең төрағасы саналатын белгілі экономистке тиесілі беделді ақпараттық алаңда жарияланды. Демек, мәселе «фейк үшін хайп» емес, билікке қатысы бар адамның нақты ақпараты жайлы болып отыр.

Желіде жарияланған бұл тізімде 1000-нан астам экономикалық қызмет түрінің 90%-на жуық бөлігі арнайы салық режимінен (упрощенка) шеттетілетіні көрсетілген. Тізімге сай, тек шаштараздар, ұсақ саудагерлер мен тар ауқымды қызмет көрсетушілер ғана қарапайым режимде қала алады.


B2B, жарнама және қосымша білім беру — "тыйым салынған аймақ"

Жобада корпоративтік тапсырыс берушілермен жұмыс істейтін бизнес — яғни B2B, көтерме сауда, жарнама қызметтері, қосымша білім беру сынды сала өкілдері — толық көлемде жалпыға бірдей салық салу жүйесіне көшуі тиіс делінген. Бұл 20% көлеміндегі КҚС және 16% ҚҚС төлеуді, сондай-ақ бухгалтер ұстау қажеттігін білдіреді.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов бұл көзқарасты кейінірек растап, B2B секторындағы кәсіпкерлерге жалпыға бірдей режимге өтуге дайындалуға кеңес берді. Яғни мемлекет: "Упрощенка тек ең ұсақ бизнес үшін" деген ашық сигнал беріп отыр.


Бизнес үн қатты – ал бұл енді сөз бостандығына қатысты әңгімеге айналды

Қоғамдық резонанс тез өршіді. Әлеуметтік желілерде "қысым жасау", "салық арқылы тізгіндеу", "ашық диалогтың жоқтығы" жайлы жазбалар көбейді. Салық мәселесі сөз бостандығына ұласты.

"Media Qoldau" құқықтық медиа орталығының заңгері Гүлмира Біржанова Exclusive.kz порталына берген пікірінде, телефон арқылы пікір немесе пост өшіруді талап етуешқандай заңдық күші жоқ, бұл тек қысым көрсету әрекеті екенін нақты айтты.

"Қазақстанда пікір білдіру, тіпті ол сын болса да, Конституцияның 20-бабы бойынша кепілдендірілген құқық. Егер қандай да бір контентті жою қажет болса, бұл арнайы заңда көрсетілген тәртіппен, ресми түрде және құзыретті органдар арқылы жасалуы тиіс", – дейді заңгер.


Кәсіпкерлер: бізді естіңдер, тыймаңдар

"Atameken" ҰКП бұл жағдайға ресми түрде үн қатып, білім беру ұйымдары, үйірмелер, шағын мектептер жаңа салық жүйесіне шыдас бермей жабылуы мүмкін екенін ескертті. Олардың пікірінше, "тыйым салынған тізімге" тек жоғары тәуекелді қызмет түрлері (мысалы: акциздік өнімдер, ойын бизнесі, мұнай саласы, есірткі мен радиоактивті заттар айналымы) ғана кіруі тиіс.

Палата мәлімдемесінде:

"КҚС төменгі шегінің 78 млн теңгеден 40 млн-ға дейін төмендеуі, КПН 20% болуы және бухгалтер ұстау қажеттілігі – бұл көптеген ұсақ кәсіпкер үшін өте ауыр салмақ. Мұндай жағдай оларды көлеңкеге кетуге мәжбүр етуі мүмкін", – делінген.


Үкіметтің үнсіздігі мен кенеттенгі "түсіндіру семинары"

Шенеуніктер бір апта бойы үнсіз отырды. Тек наразылық шегіне жеткенде ғана Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов БАҚ өкілдеріне:

"Желіде тараған тізім — бейресми және күмәнді. Бұл – аяқталмаған, өзектілігі жоқ құжат", – деді.

Сол күні Астанада "Жаңа Салық кодексін түсіндіру семинары" шұғыл түрде өткізілді. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин:

"Бұған дейін упрощенкада болғандар, сол күйінде қалады", – деп мәлімдеді.

Ол БАҚ-тағы пікірлерді "инсинуациялар" деп атап, үкімет таратқан баспасөз хабарламасында "жарияланған тізім – фейк" деп көрсетілді.


Бірақ сұрақ көп, жауап жоқ

Егер тізім шын мәнінде жалған болса:

– Неліктен үкімет бір апта бойы үнсіз қалды?
– Неліктен құжат беделді тұлға мен нақты ақпарат көзінде жарияланған соң ғана әрекет етілді?
– Неліктен жалған ақпарат таратқаны үшін ешқандай шара қолданылған жоқ?

Бұл сұрақтар жауапсыз қалды. Үкімет тек "қазір бизнес өкілдерімен диалог жүріп жатыр" деп сендіріп отыр. Бірақ бұл шын диалог па, әлде жай түсіндіру ме?

Жұманғарин қатысқан шараның өзі "талқылау" емес, "түсіндіру" деп аталғаны – бұл процесте нағыз пікір алмасудың болмағанын тағы бір мәрте көрсетті. Кәсіпкерлерге: "біз шешеміз – сіз күтіңіз, қарсылық білдірмеңіз" дегендей қалыптасқан.


Қорытынды

Жаңа Салық кодексі жай ғана салық жүйесін реформалау құралы емес. Ол билік пен қоғам арасындағы сенімділік дағдарысының айқын көрінісіне айналып отыр. Қазір мәселе салық мөлшерінде емес, қоғаммен ашық әрі шынайы диалог орнату қажет пе, жоқ па — соның өзінде. Ал қоғам сұрап отыр: "Бізді тыңдайтын кез келмеді ме?"


Материал авторы: Максим Елизаров
Фото: spubl.kz / iStock