Ресей Украинаны 270 дронмен атқылады: Вашингтондағы келіссөздермен тұспа-тұс соққы

56

Munarmedia.kz.19.08.2025 ж. /Астана/-Ресей 19 тамызға қараған түні Украинаға 270 дрон, бес баллистикалық және бес қанатты зымыранмен жаппай шабуыл жасады. Бұл туралы Украинаның Қарулы күштері хабарлады, деп жазады Exclusive.kz. Мәліметтерге сенсек, соққы жасауға стратегиялық авиация да тартылған.

Көптеген дрондар мен зымырандар әуеде атып түсірілгенімен, 40-тан астам нысанаға дөп тиген. Атап айтқанда, Х-101 қанатты зымыраны мен үш «Искандер-М» баллистикалық зымыраны тіркелген.

Негізгі соққы Полтава облысына, соның ішінде Кременчуг қаласына бағытталды. Облыста бір жарым мыңнан астам тұрғын электр жарығынсыз қалды. Бұл туралы аймақтық әскери әкімшіліктің басшысы Владимир Когут мәлімдеді.

Ауқымды соққы АҚШ астанасында Украинадағы соғысты реттеу жөніндегі келіссөздер жүріп жатқан сәтте жасалды. Дүйсенбі түнінде АҚШ президенті Дональд Трамп Украина басшысы Владимир Зеленскийді және бірқатар еуропалық лидерлерді қабылдады.

Жабық есік жағдайында өткен кездесуден кейін Трамп Зеленский мен Ресей президенті Владимир Путиннің жеке кездесуін ұйымдастыруға дайындық жүріп жатқанын айтты. Бұл саммит тамыз айының өзінде өтуі мүмкін деген ақпарат тарады.

• Фото: TASS