Munarmedia.kz 19.08.2025 /Астана/-Үкімет отырысында Қазақстандағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен салыстырылды. Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, 15 негізгі азық-түлік позициясы бойынша Қазақстан ЕАЭО мемлекеттерінің ішінде ең төмен нарықтық бағаларды көрсетіп отыр.
Атап айтқанда, сүт пен сиыр еті бағасы бойынша еліміз тек Беларусьтен кейінгі орында. Ал құс еті бойынша – Беларусь пен Ресейден, май бағасы бойынша – Қырғызстаннан төмен деңгейде тұр. Биылғы жылдың басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының орташа қымбаттау индексі 8%-ды құраған. Дегенмен екінші тоқсаннан бастап бағаның өсу қарқыны бәсеңдеп келеді: сәуірде – 1,6%, мамырда – 1%, маусымда – 0,7%, шілдеде – 0,4%, ал тамыздың алғашқы екі аптасында бар болғаны 0,1% өсім тіркелді.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының мәліметінше, Қазақстан негізгі азық-түлік өнімдерімен өзін 80-100% деңгейінде қамтып отыр. Ет, сүт, жұмыртқа, көкөніс, ұн өндірісі ел тұрғындарының сұранысын толық жабады. Алайда құс еті, шұжық, ірімшік, қант және балық бойынша импортқа тәуелділік сақталып отыр.
Бұл бағыттағы тәуелділікті азайту үшін инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, 2022-2024 жылдары елімізде қуаттылығы 144 мың тонна болатын 17 құс фабрикасы іске қосылды. Соның арқасында құс етімен қамту деңгейі 67%-дан 79%-ға дейін көтерілді. 2028 жылға дейін тағы 41 кәсіпорын іске қосылып, толық өзін-өзі қамтамасыз етуге қол жеткізу жоспарланып отыр.
Сүт өндірісінде де айтарлықтай ілгерілеу бар. 2019 жылы елде небәрі 19 сүт фермасы жұмыс істесе, бүгінде олардың саны 69-ға жетті, тағы 47-сі салынуда. Барлығы 116 ферма іске қосылған соң, жылдық сүт өндірісі 600 мың тоннаға артып, ішкі нарықтағы ірімшік пен сүзбеге деген қажеттілік толық өтелмек.
Фото: yvision.kz