Қытай АҚШ-тың қорғаныс компанияларына санкция салды

34

Munarmedia.kz 27.12.2025 /Астана/ – Қытай билігі АҚШ-тың Тайваньға ірі көлемде қару-жарақ жеткізу жөніндегі жоспарларына жауап ретінде Америка Құрама Штаттарының әскери-өнеркәсіп кешеніне (ӘӨК) қарасты 20 компанияға және 10 басшы тұлғаға қарсы санкциялар енгізді.

Қабылданған шешімге сәйкес, аталған компаниялар мен тұлғалардың ҚХР аумағындағы мүлкі мен активтері бұғатталады. Сондай-ақ Қытайдағы ұйымдар мен жеке тұлғаларға олармен кез келген мәміле жасауға тыйым салынады.

Қытай Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, бұл шаралар шетелдік санкцияларға қарсы іс-қимыл туралы ұлттық заңға сәйкес қабылданған және бүгіннен бастап күшіне енеді.

Ведомство Тайвань мәселесі Қытай үшін «қызыл сызық» екенін атап өтіп, Бейжің бұл шектің бұзылуына жол бермейтінін мәлімдеді. Сонымен қатар ҚХР билігі АҚШ-ты өз міндеттемелерін сақтауға және аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылыққа нұқсан келтіретін Тайваньды қаруландыруға бағытталған қауіпті әрекеттерді тоқтатуға шақырды.