Мемлекеттік қызметті жаңғырту: Қоғамдық кеңес жұмысының нәтижелері қорытындыланды

16

Munarmedia.kz 26.12.2025 /Астана/ Астанада Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Іс-шара барысында кеңестің атқарған жұмыстары қорытындыланып, мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіруге бағытталған негізгі бастамалардың жүзеге асырылу барысы  талқыланды.


Жиынға  Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай қатысып, Қоғамдық кеңес мүшелерінің қызметіне жоғары баға берді. Оның айтуынша, кеңес мемлекеттік қызмет саласындағы реформаларды іске асыруда маңызды консультативтік әрі қоғамдық бақылау алаңы ретінде қалыптасты.

Қазіргі таңда Қоғамдық кеңес құрамына 15 мүше кіреді. Олар — заңгерлер, журналистер, қоғам белсенділері және квазимемлекеттік сектор өкілдері. Кеңес әртүрлі кәсіби орта өкілдерін біріктіре отырып, мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзекті мәселелерді жан-жақты қарауға мүмкіндік беріп отыр.


Кеңес жұмысы аясында 13 отырыс өткізіліп, 2023 жылдан бері Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекеттік қызметті жетілдіруге бағытталған 70-тен астам нормативтік-құқықтық актіге мониторинг және талдау жүргізілген. Бұл жұмыс мемлекеттік қызметтің тиімділігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған нақты ұсыныстар әзірлеуге негіз болды.

Ерекше назар мемлекеттік қызметке қабылдаудың жаңа тәртібіне аударылды. Атап айтқанда, e-kyzmet платформасы арқылы онлайн форматта жұмысқа орналасу, ішкі конкурстарды жою, адами факторды барынша азайту мәселелері кеңестің белсенді қатысуымен талқыланды. Сонымен қатар, Президент тапсырмасына сәйкес «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмысына Қоғамдық кеңес мүшелері тікелей атсалысты. Қазіргі таңда аталған заң жобасы Мәжілістің қарауына жолдануға дайындалып жатыр.


Кеңес отырысында еңбегі сіңген тұлғаларды марапаттау рәсімі де өтті. Агенттік төрағасы белгілі қоғам қайраткері Мирболат Жақыповты «Мемлекеттік қызметтің ардагері» медалімен марапаттап, Қоғамдық кеңестің барлық мүшесіне алғыс хаттар табыстады.


Сонымен қатар, Қоғамдық кеңес құрамында кәсіби біліктілігімен, тәжірибесімен және азаматтық ұстанымымен ерекшеленген Мирболат Жақыпов, Бибігүл Ағыбаева, Махат Садық, Гүлмира Райсова, Бибігүл Құрманова, Еркін Әбіл, Жаннат Ойшыбаева, Әділет Зәкиев, Ерлан Мұстафа, Азамат Жолманов, Баяжума Асылбек  сынды азаматтардың еңбегі атап өтілді.


Қоғамдық кеңес мүшелері мемлекеттік қызметті одан әрі жаңғырту, ашықтық пен әділдік қағидаттарын нығайту бағытындағы жұмысты  жалғастыруға дайын екендерін білдірді.

Баяжума Асылбек