Munarmedia.kz | 5 тамыз 2025 жыл-Қазақстандағы еңбек нарығына жауапты мемлекеттік органдардың өздері статистикалық көрсеткіштерде шатаса бастаған сыңайлы. 29 шілде күні Үкімет отырысында елдегі нақты және болашақтағы жұмыспен қамту көрсеткіштері туралы әртүрлі мәліметтер жарияланды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыссыздық деңгейі 4,6% деп мәлімдеді. Министрлік есебінше, жалдамалы қызметкерлер саны – 7,1 млн адам. Ал Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы 2025 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша шағын кәсіпкерлік пен жеке кәсіпкерлерді есепке алмағанда, кәсіпорындарда 3,7 млн адам нақты жұмыс істеп жатқанын тіркеген. Сонымен қатар елдегі экономикалық белсенді халық саны 9,7 млн адам. Яғни тұрақты әрі ресми жұмысы жоқ адамдар саны әлі де жоғары.
Көзбояушылық па, әлде орындалмас жоспар ма?
Мәселенің мәнісін тереңірек түсіну үшін 2024–2029 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасына жүгінейік. Бұл құжатта сапалы (яғни тұрақты) жұмыс орындарын көбейту бойынша мынадай мақсатты индикаторлар көрсетілген:
-
2024 жыл – 2,4 млн
-
2025 жыл – 2,8 млн
-
2026 жыл – 3,0 млн
-
2027 жыл – 3,3 млн
-
2028 жыл – 3,5 млн
-
2029 жыл – 3,8 млн
Аталған тұжырымдаманы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген. Бірақ 29 шілде күні өткен Үкімет отырысында вице-министр Асқар Биахметов мынаны айтты:
«Бүгінгі күні сапалы жұмыс орындарының саны 2,6 млн-ға жетті. (...) Ал 2030 жылға дейін жұмыспен 3,3 млн адамды қамту міндеті тұр. Биылдың өзінде 250 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. (...) Министрлік “Инновациялық жобалар навигаторы” платформасын іске қосты. Бұл жүйе кадрларға деген сұранысты болжауға және жобалардың тиімділігін бақылауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда 1 415 инвестициялық жоба мониторингке алынды, олардың аясында 2030 жылға дейін 222,4 мың жұмыс орны құрылады деп жоспарланған. Бүгінде 1 141 жоба жүзеге асырылу кезеңінде, 274 жоба аяқталып, 33 мың жұмыс орны құрылды».
Бұл мәлімдемелер тұжырымдамада көрсетілген 3,8 млн тұрақты жұмыс орнына жету әлі де алыс екенін көрсетеді. Егер бұл бастапқыда-ақ орындалмайтын жоспар болса, онда не үшін дәл осындай көлемде индикаторлар белгіленді?
Құрылыс уақытындағы жұмыс орындары – сапалы ма?
Сол отырыста Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбектің сөзі де қоғамда сұрақ туғызды. Ол «Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы кәсіптер жылы аясында **отын-энергетика кешенінде 14 мың жаңа жұмыс орны құрылатынын» хабарлады. Оның ішінде:
-
Мұнай-газ саласында – 6 мыңнан астам
-
Электр энергетикасында – 3 мыңнан астам
-
Жаңартылатын энергия көздерінде – шамамен 3 мың
-
Мұнай-газ химиясында – 945 мың (!) жұмыс орны құрылады деп мәлімдеді.
Алайда бұл ауқымды өсімді қамтамасыз ететін қандай кәсіпорындар екені нақтыланбады. Сарапшылар бұл сан 2024 жылғы тамызда бекітілген 17 ірі инвестициялық жобаның құрылысына тартылатын уақытша жұмыс күшіне байланысты болуы мүмкін деп болжайды. Құрылыстар аяқталған соң, бұл жұмыс орындары да жойылуы әбден мүмкін.
Қандай жұмыс орны – сапалы?
Асқар Биахметовтің сапалы жұмыс орындары туралы айтқаны бекер емес. Себебі министрлік жүргізген кадрларға деген болжаулы қажеттілік негізінен мемлекеттік сектордың есебінен қалыптасатыны анық байқалады.
«Орта мерзімді кезеңде кадрларға қажеттілік шамамен 3 млн адамды құрайды. Салалық құрылымға сәйкес, сұраныстың ең үлкен үлесін келесі бағыттар алады:
Қоғамдық қызметтер: мемлекеттік басқару, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру – 29%
Бизнес қызметтері – 21%
Көлік және логистика – 16%
Өнеркәсіп – 13%
Құрылыс және ауыл шаруашылығы – әрқайсысы 7%»
Демек, жоғары қосылған құны бар өнім шығаратын нақты сектор – өнеркәсіп, құрылыс, агроөнеркәсіп – 1 млн жұмысшыға зәру болады.
Бірақ нақты жағдай қалай? Ұлттық статистика бюросының 2025 жылдың І тоқсанына берген мәліметі бойынша:
-
Ауыл шаруашылығында – 57,5 мың адам
-
Өнеркәсіпте – 648,9 мың адам
-
Құрылыста – 106,2 мың адам
Ал бюджеттік секторда (мемлекеттік басқару, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру) 2 млн-ға жуық адам жұмыс істейді. Бұл сан тағы 1 млн-ға өсуі мүмкін — министрліктің орта мерзімді болжамы осыған меңзейді.
Үкімет есеп береді, ал халық көлеңкеде
Барлық ресми статистика мен есептерге қарамастан, экономикалық белсенді 9,7 млн азаматтың барлығына тұрақты жұмыс табылмай тұр. Бұл нені білдіреді? Жауап айқын: халықтың шамамен үштен бірі ресми тіркелмеген, көлеңкелі табыс көздері арқылы күнелтіп жүр. Олар салық та төлемейді, зейнетақы жарнасы да жасалмайды.
Саяси және еңбек нарығы сарапшысы Ольга Симакова бұл туралы былай дейді:
«Министрлік жаңа жұмыс орындарын айтып жүргенде, нақты қандай жұмыс түрлері ескеріліп отырғаны айтылмайды. Ірі зауыт салынса, оны салуға 3–4 есе көп жұмыс күші тартылуы мүмкін. Бірақ кейін зауыт іске қосылғанда, тұрақты жұмыспен аз ғана адам қалады. Егер “жаңа жұмыс орны” деп уақытша құрылыс келісімшарттарын айтып отырса, онда ашық айту керек. Әйтпесе халықта жалған үміт қалыптасады, кейін ол мемлекеттік басқару жүйесіне деген сенімсіздікке ұласады. Мұндай мәселе өте сезімтал. Министрлер қоғам алдында сөйлегенде абай болуы тиіс».
Мәжіліс депутаты не дейді?
2025 жылғы мамырда Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында былай деген:
«Егер Қазақстанда еңбекке қабілетті 11,5 млн адам болса, ал олардың 5,2 миллионы ешқандай әлеуметтік төлем алмайтын болса, онда бұл дегеніміз — халықтың жартысы жұмыссыз деген сөз емес пе? Онда жұмыссыздық 4,6% деген ресми мәліметтің шындыққа жанаспайтыны анық. Шынайы жағдайды мойындамайынша, біз жұмыссыздықты шеше алмаймыз».
Сондай-ақ депутаттың айтуынша, 2024 жылы 236 мыңнан астам жас адам жұмыспен қамту бағдарламалары арқылы еңбекке тартылған, бірақ зейнетақы қорына тек 203,6 мың адам ғана жарна төлеген. Қалған 33 мыңға жуық жас әлеуметтік жеңілдіктерден тыс қалды.
Ал бұл сұраққа берілген Үкіметтің ресми жауабы бұрынғыдай әдеттегі жалпылама есеп түрінде болды, депутат қойған нақты сұрақтарға жауап берілген жоқ. Мұндай жағдай бұрын да болған: депутаттар сын айтқанымен, Үкімет статистиканы “жақсартып көрсетуді” жалғастырып келеді.