Munarmedia.kz.05.08.2025 /Астана/ "Отбасы банкінің" бұрынғы жобалық менеджері Максим Елешов қаржы ұйымындағы жүйелі түрде жүргізілген ақша жинау схемалары мен басшылық тарапынан қызметкерлерге жасалған қысымдар туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл заңсыздыққа қарсы шыққан мамандар түрлі қысымдарға ұшырап, ақыры жұмыстан қуылған.
📌 Елешов не дейді?
Елешовтің айтуынша, банкте заңсыз ақша жинау практикасы кем дегенде 2021 жылдан бері жалғасып келеді. Ол 2023 жылы банк төрайымы Ляззат Ибрагимованы ресми түрде бұл жағдайдан хабардар етіп, жеке қабылдауын сұраған. Алайда өтініші жауапсыз қалған соң, мәселені Президент Әкімшілігіне жеткізуге мәжбүр болған.
«2023 жылғы 30 қарашада мен Ибрагимова ханымға оның орынбасары Нұрлан Ақшановтың туған күніне сыйлық алу үшін қызметкерлерден заңсыз ақша жиналғанын ресми түрде жеткіздім. Тек біздің басқарманың өзінен 2023 жылдың қазан айында 239 мың теңге жиналған», — дейді Елешов.
⚠️ Басшылыққа сыйлық үшін мәжбүрлі ақша жинау
Экс-менеджердің айтуынша, банк ішінде тек туған күндерге емес, түрлі тимбилдингтерге, шараларға, тіпті кеңсе тауарларына дейін қызметкерлерден ақша жиналып отырған.
Сот барысында Елешовтің сөздерін Нұрханова мен Темірбаева есімді бұрынғы қызметкерлер растаған. Олар да «Отбасы банкінің» түрлі өңірлік бөлімшелерінде дәл осындай заңсыз әрекеттер болғанын айтқан.
Нұрханова, Алматы филиалы директорының бұрынғы орынбасары ретінде, «жүйелі түрде ақша жинау Ақшанов қадағалаған бөлімшелердің барлығында болған» деп көрсетті.
Егер кімде-кім бұл әрекеттерге қарсылық танытса, олардың аты-жөні арнайы тізімге ілініп, ең алдымен қысқартуға ілінетін қызметкерлер қатарына кірген.
⚠️ Ресурстар кімнің мүддесіне жұмыс істейді?
Елешов "Отбасы банкінің" ресурстары барша халықтың баспанаға қолжетімділігін арттыру үшін емес, тар топтың мүддесіне жұмыс істеп отыр деп есептейді.
«Мұндай банк құрылымында әлеуметтік әділдік туралы айтудың өзі артық», — дейді ол.
Қазіргі уақытта бұл мәлімдемелерге байланысты банк басшылығы ешқандай ресми түсініктеме берген жоқ. Алайда қоғам тарапынан сұрақтар көбейіп, бұл мәселеге құқық қорғау органдарының араласуын талап еткен үндеулер жиілей түсті.
📌 Анықтама:
«Отбасы банк» — Қазақстандағы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің негізгі операторы, мемлекеттік бағдарламалар аясында ипотекалық несиелеу және тұрғын үймен қамту саласына жауап береді.
Munarmedia.kz алдағы уақытта бұл жағдайға қатысты жауапты тараптардың пікірін ұсынуға дайын.