Қазақстанда қос азаматтық үшін жазаны қатаңдату ұсынылды

147

Munarmedia.kz. 31.10.2025 /Астана/-Соңғы бес жылда төрт мыңға жуық қазақстандық қос азаматтыққа байланысты ел азаматтығынан айырылған.

Exclusive.kz сайтының хабарлауынша, Amanat партиясының өкілдері мұндай заң бұзушылықтарға тек айыппұл салумен шектелмей, жауапкершілікті күшейту қажет деп санайды.

Мәжіліс депутаты Болат Керімбек бұл мәселе қоғамда әлі де күрделі екенін айтты. Қолданыстағы заң бойынша, Қазақстан азаматы өзге елдің азаматтығын алған жағдайда бір айдың ішінде тиісті мемлекеттік органдарға хабарлауы тиіс. Егер бұл талап орындалмаса, оның құжаттары жарамсыз деп танылады және азамат Қазақстан азаматы ретіндегі барлық құқықтарынан айырылады — сайлауға қатысу, мемлекеттік қызметке тұру, мемлекеттік қызметтерді пайдалану мүмкіндігін жоғалтады.

Ал депутат Болатбек Нажметдинұлы қос азаматтық үшін жауапкершілікті күшейту бастамасын қолдап отыр. Оның пікірінше, екі елдің төлқұжатын ұстаушылар Қазақстанның құқықтарын пайдаланып, бірақ міндеттерін орындамай отыр. Сондықтан тек айыппұлмен немесе азаматтықтан айырумен шектелу жеткіліксіз.

«Бұл мәселе бойынша заңнамалық өзгерістер Мәжілісте, мемлекеттік органдар мен қоғам арасында ашық талқылануы тиіс. Тек сонда ғана қос азаматтыққа қарсы нақты жауапкершілік жүйесін қалыптастыра аламыз», — деді депутат.

Мамандардың дерегінше, биылдың өзінде 682 адамның қос азаматтығы анықталған. Олардың барлығы Қазақстан азаматтығынан айырылып, елге кіруге бес жылға тыйым салынған.

Фото: Astanatv.kz