Munarmedia.kz 18.12.2025 /Астана/ Қазақстанда тергеу изоляторлары мен түзеу колонияларында азаптаудың жүйелі, орныққан практикасы бар. Мұндай мәлімдемені Мәжіліс депутаты Абзал Құспан жасады. Ол осы мәселеге құқықтық баға беруін сұрап, Бас прокурор Берік Асыловқа ресми түрде жүгінді. Депутаттың айтуынша, қамаудағылар мен сотталғандардың ең базалық құқықтары өрескел түрде бұзылып отыр.
Парламентарий келтірген деректер жағдайдың кездейсоқ емес, құрылымдық сипат алғанын көрсетеді. Қазақстанның тергеу изоляторлары мен колонияларындағы өлім-жітім деңгейі «алаңдатарлық шекке» жеткен.
2022 жылы қамау орындарында 133 адам қайтыс болған, оның 96-сы аурудан көз жұмған.
2023 жылы — 119 өлім, оның 95-і ауруға байланысты тіркелген.
2024 жылы бұл көрсеткіш 148 адамға жетіп, 114 жағдай «ауру» ретінде рәсімделген.
Ал биылғы жылдың 11 айының өзінде 124 адам қайтыс болып, олардың 105-і аурудан өлді деп көрсетілген.
Алайда Абзал Құспан бұл статистиканы «табиғи өлім» деп қабылдауға болмайтынын айтады. Оның пікірінше, мұндай көрсеткіштер — медициналық бақылаудың күйреуі, прокурорлық қадағалаудың әлсіздігі және сот жауапкершілігінің формалдылығының салдары.
Депутаттың айтуынша, қамау орындарындағы медицина жүйесі тек қағаз жүзінде ғана жұмыс істейді. Ол медициналық көмектің адамдық және құқықтық нормаларға мүлде сай келмейтінін атап өтті. Атап айтқанда, қамаудағылар мен сотталғандарға қолына кісен салынған күйде операция жасалатын, ал әйелдердің кісенде босануға мәжбүр болатын фактілерін келтірді.
«Ешбір заң адамды наркоз кезінде, операциядан кейін немесе босану барысында кісенде ұстауға рұқсат бермейді», — деді депутат.
Бұл мәлімдеме Қазақстанның қылмыстық-атқару жүйесіндегі жағдайдың тек жекелеген бұзушылықтармен шектелмей, адам қадір-қасиетін жүйелі түрде аяққа таптайтын тәжірибеге айналғанын аңғартады. Құқық қорғау органдары мен бақылаушы институттардың жылдар бойы назарынан тыс қалған бұл проблема енді парламент мінберінен ашық айтылды.
Ендігі басты сұрақ — Бас прокуратура мен тиісті мемлекеттік органдар бұл дабылды формалды тексерумен шектей ме, әлде қамау орындарындағы жабық әрі жазасыз жүйеге нақты саяси-құқықтық баға бере ала ма?
Бұл — тек қылмыстық-атқару жүйесінің ғана емес, мемлекеттің адам құқықтарына деген шынайы көзқарасын айқындайтын сынақ.