Қазақстан мен Түрікменстан президенттері қандай келісімдерге қол жеткізді

38

Munarmedia.kz 25.12.2025 / Астана/ -Астанада ресми сапармен жүрген Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедовпен келіссөздер өткізген Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы қарым-қатынастың стратегиялық мәнін атап өтті. Мемлекет басшысы қазақ пен түрікмен халықтарын ғасырлар бойғы достық, ортақ тарихи тамыр, мәдени және тілдік жақындық біріктіретінін айтты.

Тоқаевтың сөзінше, соңғы жылдары екіжақты сауда айтарлықтай ілгерілеген. Соңғы бес жыл ішінде өзара тауар айналымы төрт еседен астам өсіп, бүгінгі таңда 500 миллион доллардан асып отыр. Қазақстанда түрікмен капиталы бар 140-қа жуық компания жұмыс істейді, ал Түрікменстан экономикасына қазақстандық инвестициялар 120 миллион долларды құрады.

Келіссөз барысында тараптар сауда, логистика, энергетика, өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар, білім және медицина салаларындағы ынтымақтастықты талқылады. Президент Тоқаев екі елдің халықаралық және өңірлік күн тәртібіне қатысты ұстанымдары ұқсас екенін, соның ішінде қауіпсіздік, тұрақты даму және көлік байланыстары мәселелерінде ортақ пікір қалыптасқанын атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті Сердар Бердімұхамедовті «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Одан кейін мемлекет басшылары бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

Сонымен бірге екі елдің ресми делегациялары маңызды мемлекеттік және ведомстволық құжаттармен алмасты. Атап айтқанда:

  • мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісім;

  • көші-қон саласындағы әріптестік жөніндегі келісім;

  • зейнетақымен қамтамасыз ету саласында ақпараттық өзара іс-қимыл туралы келісім;

  • әділет министрліктері арасындағы құқықтық ынтымақтастық туралы меморандум;

  • ветеринария саласындағы меморандум;

  • Қазақстанның Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы мен Түрікменстанның Астық дақылдары ғылыми-зерттеу институты арасындағы меморандум;

  • 2026–2027 жылдарға арналған көлік саласы бойынша бірлескен іс-қимыл жоспары;

  • денсаулық сақтау министрліктері арасындағы 2026–2027 жылдарға арналған ынтымақтастық жоспары;

  • Маңғыстау облысы әкімдігі мен Балқан уәлаятының хякимлігі арасындағы сауда-экономикалық және гуманитарлық байланыстар жөніндегі меморандум;

  • Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы мен Түрікменстан Ғылым академиясы арасындағы ғылыми әріптестік туралы меморандум;

  • Қазақстан Президентінің Телерадиокешені мен Түрікменстанның Теледидар, радиотарату және кинематография жөніндегі мемлекеттік комитеті арасындағы ақпараттық ынтымақтастық туралы келісім.


#саясат #Қазақстансаясаты #ҚазақстанПрезиденті #халықаралықынтымақтастық