Ақтауда жаңа теңіз порты салынады

25

Munarmedia.kz | 25.12.2025 | Астана -Үкімет отырысында сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстанда қазіргі таңда бес ірі трансшекаралық хабтың құрылысы жүріп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, барлық бағыт бойынша басқарушы компаниялар анықталып, инфрақұрылымдық жұмыстар басталған.

Министрдің дерегінше, Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы құрылуда. Бұл аймақ екі ел арасындағы тауар айналымын 10 млрд долларға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Еліміздің шығысындағы Хоргос торабы да белсенді дамуда. Оған «МЦПС Хоргос» және «Хоргос – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймақтары кіреді. Қытаймен транзиттік әлеуетті арттыру үшін халықаралық SkyHansa әуежайы мен жаңа логистикалық кешендер салынып жатыр.

Жамбыл облысында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі бойында индустриялық сауда-логистикалық кешен құрылуда. Жоба Қырғызстанмен шекарадағы тауар ағынын реттеп, өңдеу және тарату процесін бір жүйеге келтіреді.

Батыс аймақта Ресей бағытындағы «Еуразия» трансшекаралық сауда орталығы жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар Каспий теңізіндегі транзиттік әлеуетті күшейту үшін Ақтау мен Құрық порттарында контейнерлік хаб пен көпфункционалды «Саржа» терминалы салынуда.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың хабарлауынша, жақын жылдары Ақтауда жаңа теңіз порты бой көтереді. Құны 300 млн долларды құрайтын жобаны қытайлық Zhongyun International компаниялар тобы жүзеге асырады.

Жаңа порт «Қытай – Қазақстан – Ақтау – Баку – Поти – Еуропа» халықаралық көлік дәлізінің маңызды буынына айналады. Жоба нәтижесінде:
• жүк жеткізу мерзімі 7–15 күнге қысқарады;
• тасымал шығындары 18–25% азаяды;
• өңірде жаңа жұмыс орындары ашылады.


Арман Шаққалиевтің айтуынша, трансшекаралық хабтарды іске қосу елдің логистикалық қуатын едәуір арттырады.

«Қазір біз инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың белсенді кезеңіне өттік. Негізгі басымдық – жобаларды нақты іске қосу, логистикалық мүмкіндіктерді кеңейту және бизнесті жаңа кооперация форматына тарту. Хабтардың жұмысы шекаралас елдермен сауда процестерін жылдамдатып, өңделген өнім экспортын 30%-ға арттыруға мүмкіндік береді», – деді министр.