Қасым-Жомарт Тоқаев Палестина Жоғарғы сотының төрағасы, Президенттің дін істері жөніндегі кеңесшісі Махмуд әл-Хаббашты қабылдады

36

Munarmedia.kz 03.12.2025 / Астана / Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Палестина Жоғарғы сотының төрағасы, Палестина Президентінің дін істері жөніндегі кеңесшісі Махмуд әл-Хаббашты қабылдап, оны жылы ықыласпен қарсы алды. Кездесу барысында Президент екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастар орнаған сәттен бері ынтымақтастықтың достық, өзара қолдау және құрмет рухында дамып келе жатқанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан халықаралық аренада Палестинаны толыққанды мүше ретінде тануға бағытталған бастамаларды жүйелі түрде қолдап келеді. Мемлекет басшысы Таяу Шығыстағы жағдайды тек дипломатиялық жолмен шешуді құптайтынын айтып, Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы мен халықаралық құқық нормаларына сәйкес «екі халыққа – екі мемлекет» қағидаты негізінде Палестина мемлекетін құрудың маңызды екенін ерекше атап өтті.

Өз кезегінде Махмуд әл-Хаббаш Палестина Президенті Махмуд Аббастың жеке жолдауын табыстап, Қазақстанға және оның халқына көрсетіліп келе жатқан тұрақты қолдау үшін алғыс білдірді. Ол Қазақстанды Палестина үшін шын мәніндегі бауырлас мемлекет деп санайтынын, бұл бауырластық екіжақты байланыстарда да, сондай-ақ БҰҰ мен Ислам ынтымақтастығы ұйымы сияқты көпжақты алаңдарда да айқын көрініс табатынын айтты.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Махмуд Аббасқа жылы лебізін жолдап, оны Қазақстанға ресми сапармен келуге шақыруын жеткізді.