Алматында “Орда” бас редакторы Гүлнара Бажкенова екі айға үй қамаққа алынды

40

Munarmedia.kz 03.12.2025 / Астана / Алматыда “Орда” ақпараттық ресурсының бас редакторы, белгілі қазақстандық журналист Гүлнара Бажкенова екі ай мерзімге үй қамаққа жіберілді. Мұндай шешімді дүйсенбі кешкісін тергеу сотының судьясы шығарғаны жөнінде редакцияның адвокаты Мұрат Адам әлеуметтік желіде хабарлады.

1 желтоқсан таңертең полиция Бажкенованың үйінде және “Орда” редакциясында тінту жүргізген. Одан кейін бірқатар қызметкер тергеу органдарына жеткізіліп, жауап алынған.

Редакцияның Telegram-арнасында жарияланған мәліметке қарағанда, Астанада бас редактордың орынбасары Дмитрий Ким ұсталып, кейін көп ұзамай босатылған. Ал Алматыдағы кеңседе бас редактордың сейфі бұзылып, редакцияның жалақы қорындағы қаражат тәркіленген. Журналистердің жұмыс техникасы мен жеке телефондарын да алып кеткен. “Кеңседе толықтай астан-кестен жағдай орнады”, – деп жазды ақпараттық ресурс.

Сонымен бірге “Письма президенту” Telegram-арнасы құқық қорғау органдарындағы дереккөздерге сүйене отырып, Бажкеноваға қатысты бірнеше азамат жалған ақпарат тарату туралы шағым түсіргенін хабарлады. Олардың қатарында алматылық бизнес-орталықтың иесі және өңірлік балық инспекциясының қызметкері бар екені айтылды.

Алматы қаласы Полиция департаменті “Nur.kz” ресми сауалына берілген жауапта тінтулер жүргізілгенін растады. Ведомствоның мәліметінше, Бажкеноваға қатысты көрінеу жалған ақпаратты бірнеше рет және әдейі тарату фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалған.

Полиция 2024 жылы жарияланған материалдардың бірінде құқық қорғау қызметкерінің пара алып жатқан жерінен ұсталғаны туралы жалған мәлімет таратылғанын анықтағанын мәлімдеді. Тағы бір басылымда мүліктік дауға қатысты зиян көлемі мен себептерін бұрмалайтын деректер беріліп, бұл жағдай қоғамды шатастырып, шағым иесінің іскерлік беделіне нұқсан келтірген.

Сонымен қатар, тәртіп сақшылары алдыңғы жылдардағы басқа жарияланымдар бойынша да шағымдарды тексеруде. Олардың да бірқатары жалған немесе қоғамды адастыратын мәліметтерді қамтуы мүмкін екені айтылады. Тергеу жалғасуда, ал барлық мән-жай заң аясында анықталатынына полиция уәде берді.