Президент Тоқаев Конституцияның 30 жылдығына арналған жиында тарихи шегініс жасап, бұрынғы мен бүгінгінің арасында нәзік тепе-теңдік сақтап сөйледі, деп хабарлайды Ertenmedia. Президенттің бұл жолғы сөзінен Назарбаев дәуірінен алыстап, жаңа саяси бағытты айқын сезіндіру мақсаты байқалды. Тоқаев «Қасым ханның қасқа жолы», «Жеті жарғыдан» бастау алған қазақ заң дәстүрін бүгінгі Конституция жалғастырып отырғанын айтып, тарихи сабақтастыққа меңзеді.
Президент сөзіндегі басты месседж соңғы үш жылдағы саяси трансформация. 2022 жылғы референдумды мысалға келтірген ол, «халық шешімі билік легитимдігінің басты кепілі» деді. Бір қызығы, осы тұста президент өз тұлғасын ерекше даралап, «референдум өткізу туралы шешімді жеке өзім қабылдадым» дегенді баса айтты. Сондай-ақ ол Конституцияға 2022 жылы енгізілген өзгерістерді Қазақстан тарихындағы «ең мазмұнды әрі әділетті реформа» деп бағалады. Айтуынша, суперпрезиденттік басқарудан бас тарту, президенттік мерзімді бір рет қана жеті жылмен шектеу, президент туыстарының жоғары лауазымдарға тағайындалуына тыйым салу Қазақстан ғана емес, әлемдік тәжірибеде теңдесі жоқ бастама. Мемлекет басшысы соңғы жылдары қоғам талабы ескерілгенін, Конституциялық соттың құрылып, 11 мыңнан астам шағым қаралғанын да тілге тиек етті. Тоқаевтың айтуынша, бұл билік пен қоғам арасындағы сенімнің нығайғанының белгісі.
Құқықтық тәртіп туралы айтқанда, президент «тәртіп пен заңға бағынушылық қоғамның басты қағидасы болуға тиіс» деді. Сондай-ақ, ол құқықтық сауаттылықты мектептен бастап, отбасы мен медиа арқылы насихаттауды тапсырды. Жер мен табиғи байлықтың халыққа тиесілі екенін де атап өткен президент, «Ұлттық қор балаларға» жобасы арқылы әр баланың болашағы үшін арнайы есепшот ашылып, оған 1,5 млрд доллар аударылғанын айтты. Токаев сөзінің соңын жаһандық сын-қатерлерге арнады. Оның пікірінше, геосаяси тұрақсыздық, цифрландыру, жасанды интеллект адамзат үшін жаңа құқықтық әрі моральдық мәселелерді туындатады. Сондықтан Қазақстан заңнамасы да заман ағымына сай дамып, өзгеріске бейімделуі керек екенін ескертті.
Тоқаевтың кешегі жиындағы мәлімдемесі ескі жүйеден жаңа дәуірге өтіп бара жатқан Қазақстанның саяси портреті іспетті. 8 қыркүйекте өтетін Жолдауда осы бағыттың жаңа экономикалық-саяси бағдарлары белгіленбек.