Munarmedia.kz | 14.06.2025 | Астана-Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) қазақстандықтарға бірнеше банктер мен микроқаржы ұйымдары алдында мерзімі өткен кепілсіз тұтынушылық несиелерді бір жерде қайта құрылымдауға мүмкіндік беретін жаңа бастама әзірледі. Жоба қазіргі таңда "Ашық НҚА" порталында қоғамдық талқылауға шығарылған. Құжатқа ұсыныстар мен пікірлер 2025 жылдың 20 маусымына дейін қабылданады.
ҚНРДА жобасында "ұжымдық қайта құрылымдау" тетігі көзделген. Ол бірнеше қаржы ұйымына қарызы бар жеке тұлғалар үшін тиімді болуы мүмкін. Мақсаты — барлық қарызды біріктіріп, жеңілдетілген және икемді төлем кестесін ұсыну.
«Әр түрлі кредиторлар алдындағы бірнеше мерзімі өткен кепілсіз тұтынушылық қарыздары бар азаматтардың борыштық жүктемесін жеңілдету мақсатында қарыздарды біріктіру арқылы қайта құрылымдау тетігі енгізіледі», — делінген құжат сипаттамасында.
Бұл әдіс азаматтардың қаржылық орнықтылығын арттырып, қайта төлем жасауға нақты мүмкіндік бермек.
ҚР азаматтарының кредиттік жүктемесі жылдан-жылға өсіп келеді. ҚНРДА соңғы жылдары жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (ЖТСМ) төмендету және жауапты кредит беру саясатын енгізу арқылы жағдайды жақсартуға тырысып келеді.
2024 жылдың тамызынан бастап:
-
Кепілсіз қарыздар бойынша ЖТСМ 56%-дан 46%-ға дейін төмендетілді;
-
Кепілді қарыздар бойынша 40%-дан 35%-ға дейін төмендетілді;
-
Қазір ипотекалық несиелердің шекті мөлшерлемесін 25%-дан 20%-ға дейін азайту мәселесі қаралуда.
Алайда, бұған қарамастан, халықтың кредитке тәуелділігі жоғары күйінде қалуда:
2025 жылдың алғашқы 4 айында:
-
Банктердің халыққа беретін несиелері 5%-ға өсіп, 24,7 трлн теңгеге жетті;
-
Тұтынушылық несиелер 6,6%-ға өсіп, 14,7 трлн теңге болды;
-
Ипотека 1,7%-ға, яғни 6,2 трлн теңгеге дейін өсті.
Қазіргі таңда қарыздарды кім жинақтап, кіммен келіссөз жүргізетіні туралы толық ақпарат жоқ. Сондай-ақ бұл механизм қалай жұмыс істейтіндігі, қандай шарттармен жүзеге асатыны, кімдер қатыса алатыны — бәрі ашық күйінде қалып отыр. Құжат тек техникалық сипатта болса да, ол мыңдаған борышкер үшін нақты көмек құралына айналуы мүмкін.