Papa John’s Қазақстан мен Қырғызстан нарығынан кетеді

18

Munarmedia.kz 13.12.2025 /Астана/ Papa John’s пиццериялар желісі Қазақстан мен Қырғызстандағы қызметін тоқтатады. Бұл туралы мастер-франчайзи Данияр Монолбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, қолда бар барлық қаржы ең алдымен негізгі міндеттемелерді орындауға бағытталған. Атап айтқанда, қызметкерлердің жалақысы, салық төлемдері, жалдау бойынша міндеттемелер және қарыздардың бір бөлігі өтелген.

«Барлық қолжетімді қаражат ең маңызды төлемдерге жұмсалды: жалақы, салықтар, жалдау міндеттемелері және қарыздардың бір бөлігін өтеу. Қазақстанда біз қызметкерлердің басым бөлігіне басқа компанияларда жұмысын жалғастыруға көмектесе алдық», — деді кәсіпкер.

Монолбаевтың айтуынша, Қазақстандағы қызметкерлердің көпшілігі өзге компанияларға орналастырылған.

Бұған дейін Алматы қаласында жабылған Papa John’s-тың алты нүктесінің орнын Bellissimo Pizza желісі басатыны хабарланған болатын.

Papa John’s — 1984 жылы кәсіпкер Джон Шнаттер негізін қалаған америкалық пиццериялар желісі. Қазіргі таңда компания әлем бойынша 5 мыңнан астам мейрамхананы біріктіреді. Желінің филиалдары АҚШ-та, Канадада, Мексикада, Еуропа елдерінде, Таяу Шығыста, Азияда, Латын Америкасында және Африка құрлығында жұмыс істейді.