Алматыда пойызда түсірілім кезінде 52 адам көміртегі тотығынан уланды

18

Munarmedia.kz 12.12.2025 / Астана/ 11 желтоқсанда «Алматы-2» станциясына келген пойызда түсірілім жүргізу барысында 52 адам көміртегі тотығымен (угарный газ) уланды. Вагондар оңтүстіккореялық сериал түсірілімі үшін киностудияға уақытша берілгені анықталды.

Алматы қаласының Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оқиға салдарынан 10 бала ауруханаға жеткізілген, оның екеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Қалғандары профильді бөлімшелерге орналастырылған.

Басқа зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетіліп, амбулаторлық ем тағайындалып, үйлеріне жіберілген.

– «Оқиға орнына 13 жедел жәрдем бригадасы жіберілді. Барлық зардап шеккендер қала стационарларының қабылдау бөлімдеріне жеткізіліп, қажетті медициналық көмек көрсетілді. Госпитализацияланған науқастардың жағдайы дәрігерлердің бақылауында», – деп хабарлады Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.

«Қазақстан Темір Жолы» компаниясы бұл оқиғаға қатысты түсініктеме беріп, пойыздың КТЖ-ға тиесілі еместігін, оның жеке компанияға қарайтынын және сериал түсірілімі үшін киностудияға берілгенін мәлімдеді.

Оқиғаға қатысушылардың айтуынша, түсірілім алаңындағы жағдай өте ауыр болған.

– «Вагонда қатты суық болды. Адамдарды жылытамыз деп газды горелка қолданды, содан кейін жағдай бақылаудан шықты. Алдымен балалар есінен тана бастады: біреуі құлап қалды, артынан қалғандары. Паника басталды. Алаңда дәрігер болған жоқ. Газ жабық вагонда жиналып қалды. Балалардан кейін әйелдер естерінен танып құлай бастады. Мен де кезек маған келетінін түсіндім. Ақыры бізді басқа вагонға эвакуациялады», – дейді бір куәгер.

Оқиға бойынша «Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу органдары газ қолдану тәртібі, қауіпсіздік шаралары және түсірілім тобының жауапкершілігіне қатысты барлық мән-жайларды анықтауда.


Оқиға түсірілім алаңындағы қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуының маңыздылығын тағы бір рет көрсетіп отыр.