Munarmedia.kz 05.11.2025 /Астана/-Шығыс Қазақстан облысында жолдарды күтіп ұстауға арналған 120 миллион теңгеден астам бюджет қаражатының жымқырылуы дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі мәлімдеді.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктілердің қатарында «Таза Өскемен» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының бұрынғы директоры мен оның орынбасары, сондай-ақ жеке кәсіпкер бар. 2022–2023 жылдары олар мемлекеттік сатып алу рәсімдерін айналып өтіп, қаражатты өздерімен байланысты компанияларға жүйелі түрде аударып отырған.
Заңсыз схеманың мәні материалдар жеткізу мен техника жалдау туралы жалған құжаттар рәсімдеуде болған. Атап айтқанда, жол жөндеуге арналған битум мен құм сатып алу, су сору үшін арнайы техниканы жалға алу, сондай-ақ қалада бұрын орнатылған 23 аялдама павильонына қажетті материалдарды алу жөнінде жалған мәліметтер енгізілген.
Қаражат жеке кәсіпкер арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, қатысушылар арасында бөлінген. Мемлекетке келтірілген шығын көлемі 120 миллион теңгеден асқан.
Агенттіктің хабарлауынша, күдіктілер қылмыстық табыс есебінен элиталық тұрғын үй кешенінен пәтер, BMW X6M және Subaru Forester маркалы көліктер, сондай-ақ жер телімдерін сатып алған. Барлық мүлікке тыйым салынды.
«Таза Өскемен» кәсіпорнының бұрынғы директорына екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу амалдары жалғасуда.