Munarmedia 25.12.2025 / Астана / –
Шығыс Қазақстан облысында монополияға қарсы орган Өскемен әуежайының басшылығына қатысты шара қолданды. Санкцияға әуежай тарапынан авиациялық керосинге негізсіз жоғары баға белгілеу себеп болған.
Тексеру нәтижесінде әуежайдың нарықтағы басым жағдайын пайдаланып, әуе отынының құнын көтергені анықталған. Соның негізінде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаменті қатаң шешім қабылдады. Кәсіпорынға айыппұл салынып қана қоймай, заңсыз алынған табыстың бір бөлігі мемлекет бюджетіне өндірілді.
Аталған жағдайға қатысты ШҚО бойынша салалық департамент басшысы Сәуле Бақберген түсініктеме берді.
«Өскемен әуежайы авиациялық отынға монополиялық жоғары баға белгілегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы бір жыл ішінде нарықтың алты субъектісі жауапқа тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 10,1 миллион теңгені құрады, сондай-ақ 10 миллион теңге көлеміндегі монополиялық табыс мемлекет кірісіне тәркіленді», – деді ол.
Авиациялық отын нарығынан бөлек, өңірдегі монополияға қарсы орган басқа да маңызды салаларды бақылауда ұстаған. 2025 жылы көмір нарығы бойынша ескертулер беріліп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында өнім жеткізушілермен 18 келісім жасалған.