MUNARMEDIA.KZ 10.09.2025 /АСТАНА/ Мұнай нарығында тағы бір әділетсіз шешім қабылданды. ОПЕК+ картелі артық өндірудің бар ауыртпалығын Қазақстанның иығына арттырып отыр. Формальды түрде «қарызға» батқан алты елдің ішінде Ирак та бар, Кувейт те бар, тіпті өндіріс көлемін үнемі асырып жүрген Біріккен Араб Әмірліктері де бар. Бірақ олардың барлығы шетте қалып, ең қатаң талап тек Астанаға қойылды.
Ресми шешімге сәйкес, Қазақстанға 2,63 миллион баррель тәуліктік өндірісті қысқарту міндеттелді. Бұл – бүкіл компенсация көлемінің 55 пайызы. Қалған бес елдің үлесіне бірге алғанның өзінде жартысынан аз түсіп отыр. Әділ ме? Әрине, жоқ. Бұл – геоэкономикалық ойында Қазақстанды «ыңғайлы кінәлі» қылып көрсету.
Кестеге көз салсақ, 2025 жылдың соңына дейін қысқарту шамалы ғана – айына 10-35 мың баррель. Бірақ 2026 жылдан бастап пышақ салғандай өседі: қаңтарда – жүздеген мың, маусымға қарай – күніне 650 мың баррельге жетпек. Яғни, басты соққыны Қазақстан экономикасы 2026 жылдан сезінеді. Бұл тек мұнай экспортына ғана емес, теңгенің тұрақтылығына, әлеуметтік бағдарламаларға, тіпті ұлттық қауіпсіздікке дейін әсер ететін қадам.
Мәселенің түйіні мынада: ОПЕК бір ай бұрын ғана өндіріс көлемін арттыруды «жеңіс» ретінде жариялаған еді. Барлық ел артық өндірді, барлығы пайда көрді. Енді сол ортақ «артықшылықтың» есебін бір ғана Қазақстан төлеуі тиіс пе? Бұл – саяси ойынның айқын көрінісі. Картель ішіндегі «үлкен ойыншыларға» жауапкершілік жүктелмей, геосаяси салмағы аздау ел «құрбандыққа шалынғандай».
Бұл шешім – экономикадағы ғана емес, саясаттағы да сынақ. Қазақстан өз мүддесін қорғау үшін үнсіз қалмауы керек. Әйтпесе, «ыңғайлы құрбан» рөлі қалыптасып, келешекте де халықаралық ұйымдар кез келген дағдарыстың «күнәһарын» бізден іздейтін болады.
Мұнай нарығындағы бұл қадам – жай ғана квота мәселесі емес, ұлттық беделдің, егемен шешім қабылдай алу құқығының сынға түсуі. Қазақстан «құрбандық қойы» емес, дербес мүддесі бар мемлекет екенін дәлелдеуі тиіс.