Мирзиёевтің қатаң қадамы: Өзбекстанда білім саласының шенеуніктерін қызметтен қуды

41


Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев жоғары білім, ғылым және инновациялар министрлігіндегі үш вице-министрді – Шохрух Дилиевті, Отабек Махкамовты және Сарвархон Бузрукхоновты қызметінен босатты. Мемлекет басшысы олардың «реформалардың мәнін толық түсінбегенін» ашық айтып, саланың басты реформаларына кедергі болғандарын меңзеді.

Бұған қоса, Агенттік деңгейіндегі екі жетекші де креслосымен қоштасты: Инновациялық даму агенттігінің директоры Шароф Раджаббаев пен Білім сапасын қамтамасыз ету ұлттық агенттігінің басшысы Адхам Худайқулов қызметінен кетті. Ал министр Қоңыратбай Шарипов өз орнында қалды. Бұл да президенттің «жүйені түгелдей шайқау емес, бірақ нақты жауапкершілікті талап ету» бағытын таңдағанын көрсетеді.

Мирзиёевтің бұл шешімі Өзбекстандағы білім реформаларына байланысты қоғамда қызу талқылануда. Президенттің айтуынша, шенеуніктерден енді «қағаз жүзіндегі баяндамалар» емес, нақты нәтиже мен проактивті жұмыс талап етіледі. Яғни, білім саласын бюрократиялық тежелістен шығарып, заманауи талаптарға сай түбегейлі өзгерістерге жол ашу – басты мақсат.

Соңғы жылдары Өзбекстанда жоғары білім мен ғылым жүйесін халықаралық стандарттарға жақындату, университеттердің академиялық еркіндігін арттыру және инновациялық ортаны дамыту бағытында ауқымды жоспарлар жасалып келеді. Алайда президенттің «реформаның мәнін түсінбегендер» деп атаған топтың орнынан алынуы бұл жолда үлкен қарқын қажет екенін, ал сабырсыздық пен бейқамдыққа енді орын жоқ екенін айғақтап отыр.

Бұл оқиға тек кадрлық өзгеріс емес, тұтас саладағы реформалардың жаңа кезеңге аяқ басқанын көрсетеді. Мирзиёевтің өзі айтқандай, Өзбекстан білім саласында «кардиналды өзгерістерге» бет бұрды. Енді бұл өзгерістерді сөз жүзінде емес, нақты істе дәлелдейтін уақыт келді.